ӨМІРЛІК ҰСТАЗ – ОҚУЛЫҚ

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1564
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы талаптарды орындау мақсатында және «Кітап – білім бұлағы» жобасы аясында облысымызда «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты акция жүзеге асырылуда. Ел Президентінің «Келешекте кітап оқығандар интернетте отырғандарды басқаратын болады», –  деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, Балқаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен  Д. Қонаев атындағы саябақта «Кітап – ең сабырлы ұстаз» атты кітап алмасу акциясы өтті.​

Оқырмандар мен аудан тұрғындарын рухани әлемге саяхат жасата отырып, оларды кітап оқуға шақыру мақсатында ұйымдастырылған игі шараны аудандық және  Ақдала ауылдық кітапханасының кітапханашылары Ботакөз     Ақсақалова мен Мөлдір Рәтбек жүргізді.
Әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмай, өз оқырманын табуына ықпал ету, әр оқырман өзі ұнатып оқыған кітабын өзгелермен бөлісіп, алмасу, жастардың кітапқа деген  ықыласын ояту, рухани мәдениетін көтеру бүгінгі күннің өзінше бір мәселесі екені даусыз. Міне, осы бағытта ұйымдастырылып отырған «Буккроссинг» қозғалысы және Астананың 20 жылдығы, «Рухани жаңғыру», балалар кітаптарымен таныстырған жүргізушілер оқырмандарға шара барысы және әдебиет әлемі жайлы мол мағлұмат берген-ді.
Шарада аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері ән әуелетсе, кітапхана ұжымы келушілерге жапырақтарына кітапхананың әлеуметтік желісі мен сайт сілтемелері жазылған гүлдерді таратты. Ал оқырман болса, ұнатып оқыған кітаптарын өзі қалаған адамға беру арқылы кітап оқу акциясына өзіндік үлесін қосып жатты. 
Қазақ әдебиетінің алыптары жазған ғажайып шығармалар алмасып, жаңа буынның жайнақ дүниелері оқырманмен қауышқан игі шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Роза Суанбаева сөз алып, игі бастаманың мәні мен мазмұнына тоқталып өтті. Ал аудандық кітапхананың директоры Н. Қапсаланова, ауданның Құрметті азаматы Балапан Әділханқызы мен Жеңіс Демеуқұлов, Мұқанғали Қожабеков сынды зейнеткерлер аталмыш шара туралы өз ойларымен бөлісіп, ақжарма тілектерін ұйымдастырушыларға арнап жатты.

АРДА БИ