АЛМАТЫДА ЕКІ ЖАСАР БАЛАДАН КОРОНАВИРУС БЕЛГІСІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 17.03.2020
Оқылды: 1156
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 адам тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік Қазақстандағы коронавирусқа қатысты эпидемиялогиялық жағдай жөнінде соңғы мәліметті таратты. Ведомствоның хабарлауынша, Алматы қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырудың тағы үш жағдайы тіркелді.

Бүгінгі күнде елде коронавирус жұқтырудың 13 жағдайы расталды, олардың 11-і Алматы қаласында, 2-еуі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.

Үшеудің біреуі «Берлин-Минск-Алматы» ұшағы арқылы 13 наурызда ұшып келген 2018 жылғы кішкентай қыз бала. Сәби Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасына жатқызылды. "Екінші науқас – 1966 жылы туған азамат Мәскеуден бізге 10 наурыз күні ұшып келген. Ол Алматыда көпсалалы медициналық орталыққа жатқызылды. Үшінші науқас 1956 жылы туған азамат. Ол да Мәскеуден 10 наурыз күні ұшып келді", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін коронавирус жұқтырғандар саны 10 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, 1986 жылғы әйел адам 15 наурызда Стамбұл қаласынан Алматыға ұшып келген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"