ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУ - АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЕҢ МАҢЫЗДЫ САЯСИ ҚАДАМ

Уақыты: 22.07.2021
Оқылды: 1480
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халқымызға арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау туралы мәселе көтерген болатын. Міне, сол уақыт та келіп жетті.

Қазақстан халқының 40 пайызының ауылдарда тұратынын ескерсек, бұл өте дұрыс қадам. Бұл, шын мәнінде, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отыр. Біз Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасын шын жүрегімізбен қолдап отырмыз. Бұл оқиға еліміздің тарихындағы айтулы белес.

Біздің Кеген ауданында Бөлексаз, Саты, Тасашы, Ұзынбұлақ, Жылысай секілді бес ауылда ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайды. Жергілікті тұрғындар сайлауға түсіп отырған азаматтардың біріне дауыс беретін болады. Бұл жерде білімді, білікті, іскер, еңбекқор, елім-жерім деген азаматтардың бағы жанып, ауыл әкімі болатыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын ауданымыздағы 4 мыңға тарта қария қуана қолдады. Жалпы жұртшылық жылы көзқарас, жылы ниет танытып отыр.

Ел ішінде «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген жақсы сөз бар. Сондықтан ауыл тұрғындары сайлап алған әкімдер халқына жақын болады деген сенімдеміз. Сол ауылдың, сол өңірдің түйінді мәселелерінің бәрі әкімнің назарында болғаны керек. Сол үшін ел-жұртының әрдайым ортасында болып, қасынан табылып, жақсылап жұмыс істегені нәтижелі болады. Тиісті мәселесін айтатын, жеткізетін жеріне жеткізіп, қажетті салаларды назарда ұстап жүрсе, шешілмейтін жағдай жоқ. Біз бұл сайлаудың нәтижелі болатынына сенеміз.

Сабыр ДОСЫМБЕКОВ,

Кеген аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Кеген ауданының Құрметті азаматы

Сурет - ғаламтордан