Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛАТЫН ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ЖАЙЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 10.04.2022
Оқылды: 975
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жуырда Мемлекет басшысы қалың бұқараның көңілінде жүрген көптеген мәселелерді көтерген Жолдауын жариялады. Тыныштық, татулығымызға сына қаққан қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстанды» құруға қажетті талай өзгерістерді күткенбіз. Соның бірі орындалды.

Ол – Алматы облысын екіге бөліп, жаңа Жетісу облысының жеке-дара тұғыр көтеруі. Жеті өзені еркелеген қасиетті өлкеге тарихи һәм қоғамның жадында жүрген атаудың берілуі аса маңызды. Жаугершілік замандарда дұшпанның туын құлатып, тауанын шаққанда осы киелі өңірдің қазақ халқының мерейін өсіргені анық. Ат бауырын сипар шүйгінді шөбі төрт түлік төлімен тірлігін сабақтастырған елімізге жайлы пана болды. Бір қойы егіз туса бір бетегесінің басы айыр шығатын жомарт даласы дарқандықтың үлгісін көрсетіп, күні бүгінге дейін күллі Жетісу жұртын асырап отыр. Кіндік қанымыз тамып, жөргек кіріміз жуылған өлке әркімнің жүрек түкпірінде мәңгілікке бекіген.

Облыс бөлінеді дегенге бірі қуанса, екіншілер: «Ертеңіміз не болады?» - деп сыңаржақ пікір қалыптастыратыны рас. Алайда бұл жаңа жобалар мен тың идеялардың жүзеге асуына, әлеумет әлеуетінің көтерілуіне бастайтын игі қадам.

Алып аумақты қамтыған Алматы облысының бұған дейін де тынысы кең, тұрмысы оң болған. Республикадағы алдыңғы қатарлы облыс өзінің ауылшаруашылығымен әйгілі. Бір уыс дәнінен қап-қап астық алуға болатын құнарлы жерінде тамыр жайған азаматтары да арынды.

Ендігі ретте жекелей шаңырақ көтеріп, шаттығымыз еселеніп жатқандығы рас. Жаңа өзгеріс атауды ғана түрлендірмей  жаңару мен жаңғыруға бастайды деген сенімдеміз. Экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өрістеуімізге, инвестициялар мен тың жобаларды жүзеге асыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылып, бюджеттен бөлінген қаражатты бұрынғыдан үлкен аумаққа емес, мөлшерлі жерге жұмсауға мүмкіндік туып отыр.

Жолдаудағы барлық мәселелер жаһандық бәсекелестікке лайықты болуға ыңғайлануымыздың бір көрінісі. Кез келген тақырыпты алсаңыз да астарында үлкен маңыз жатыр. Соның ішінде біз үшін ерекшесі Жетісу облысының құрылуы болып тұр. Біз бұл шешімді толықтай қолдаймыз.

Баршагүл САЯТОВА,

Алматы облыстық мәслихаттың депутаты