Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПРЕЗИДЕНТ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІН ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҚҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Уақыты: 01.12.2022
Оқылды: 3056
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

"Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев. Астана, Ақорда, 2022 жылғы 1 желтоқсан, №26", - делінген Президент Жарлығында.

Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келген.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.

Мамандығы - экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі.

Еңбек жолын 1997 жылы салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған. 1998-2001 жылдары Алматы қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман – бас салық инспекторының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

2001-2010 жылдары Алматы қаласы бойынша салық комитетінде жұмысын жалғастырған, Алматы қаласы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары болған. 2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған.

2012-2014 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2014-2017 жылдары - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы. 2017 жылғы маусымнан 2018 жылғы қазанға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 - 2022 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.

2022 жылғы 11 маусымнан бері Алматы облысының әкімі қызметін атқарып келді.

 

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"