Кәсіпкерлер ауылға мектеп салды

Уақыты: 07.11.2023
Оқылды: 659
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан ауданындағы Тасқұдық ауылында  бастауыш мектеп  шәкірттеріне есігін айқара ашты.   

Ескі мектеп қабырғасынан есейіп, азамат атанғандар көптеп саналады. Дегенмен, шәкірттердің бойына ұлт рухының өрелі өнегесін ұялатқан ескі мектеп уақыт мүжіп  аласарды әрі оқу-тәрбие жұмысын заман талабына сай өткеруге тарлық етті. Осыны ескерген ауыл азаматтарының бастамасымен жекеменшік тұрғын үй құрылысы ретінде салынған бұл үйді бастапқыда-ақ мектеп теңгеріміне беру жоспарланған еді.

Үш жыл бұрын  Тасқұдық тұрғындарының бастамасын құп көрген сол кездегі аудан әкімі Талғат Қайнарбеков мектеп іргетасын көтеруге шұғыл түрде қаржы қарастырған болатын. Игі бастамаға сол жылдары көпшілікті ұйыстыра білген «Бабалар рухы» қоры көмекке келді. Қор төрағасы Жанат Мұқашевтің айтуынша, аудандағы қалталы кәсіпкерлерден түскен қомақты қаржы мектеп құрылысына бағытталды да құрылыс материалдары қолдарына тиген бастамашыл тұрғындар құрылысты жүйелі жүргізді. Дегенмен денсаулықты басты назарға қойған пандемия зардабынан жұмыс бірер жыл тоқырап, былтырдан бері ауыл тұрғындарының ұйысуымен заманауи мектеп жеткіншектердің игілігіне ұсынылды.

50 орынға арналған мектептің  3 сынып кабинеті, асхана, мұғалімдер  бөлмесі бар және де оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі дәретханалармен, бейнебақылаулармен толық қамтамасыз етілген.

Шәкірттерінің бойына ұлт рухының өрелі өнегесін ұялатып, тәрбие мен біліктілікті ұштастыра білетін ұстаздар қауымы ортақ іске ынтымақ-бірлікпен ұжымдасқан ауылдастарының қарекетіне дән риза.

– Мынадай заманауи жабдықталған мектепте білім сапасы да ойдағыдай болмақ, – дейді бастауыш мектеп меңгерушісі Құралай Аитова. Мектепке дейінгі даярлық сыныбының мұғалімі Ләйлә Тоқмурзинаның осындай мүмкіндікті қамтамасыз еткен азаматтарға алғысы шексіз. Ауылдастарын ортақ іске жұмылдырған Аслан Құсайынов, Ермек Тоқмурзин, Советхан Мамырбаевтар алыстан көз тартатын жаңа мектеп айналасында болашақта  спорт алаңдары іске қосылса  деген ізгі мақсаттың орындалуын асыға тосады.

Жаңа мектептің ашылу салтанатында Сарқан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асқат Қалиасқаров, ауданның Құрметті азаматтары Жомарт Игіман, Жанат Мұқашев, Бақалы ауылдық округінің әкімі Әсет Қанапиянов,  К.Қазыбаев атындағы орта мектептің ұстазы Райхан Қияхметова, ауыл азаматтары атынан Аслан Құсайынов  ынтымақ-берекенің арқасында қолданысқа берілген білім ошағы  ұжымының, жеткіншектерінен үміт күтетін ата-аналардың қуанышын бөлісті. Бастауыш мектеп салтанатты түрде ашылып, жиынға қатысушылар жаңа нысанның жабдықталған кабинеттерін аралап көрді.

Жиын соңында ауылдық Мәдениет үйі өнерпаздары мен оқушылардың күшімен дайындалған шағын концерт көрермендер назарына ұсынылды.

 Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы