БАРШАҒА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 674
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаһандану үдерісі жедел желіске түсіп, ақпараттық-технология кезеңі өзінің жаңалықтарын күннен-күнге үдеткен бүгінгі шақта өркениеттің көшінен табылудан бұрын, жас өскіндерге тәрбиенің таза шырынын ұсыну, сапалы білім беру маңызды. Ол үшін білім атты бірегей саладағы жетістіктерді саралап, кемшіліктерді ашып айтып, сын көтермес дүниені қоғам болып бірлесе түзетудің мәні ерекше. Тіл сарайында өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осынау ой өз жүлгесін тапқандай көрінді.

Шараның беташар сөзін алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков алдымен жиынның мақсаты мен міндетін түсіндіріп, облыстық білім басқармасының басшысы, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары қатысып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде облыстық білім басқармасы басшысының баяндамасын тыңдады.

Жалпы облыс бойынша білім беру нысандарының саны  – 807 болса, биылға арналған сала бюджеті 164,6 млрд. теңгені құраған. Облыста мектепке дейінгі білім берумен 39 мыңнан астам бала қамтылса, бүгінде өңірдегі бастауыш сынып оқушылары толыққанды ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Осылайша цифр сөйлеген баяндамасында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов атқарылған істің ауқымды екенін әр тақырып бойынша тереңнен қаузап айтып, кемшіліктің де барын жасырмады.

Облыстың бас педагогының айтуынша аймақ бойынша балабақша кезегінде 4688 бала тұр екен. Мұны шешу үшін биыл 695 орындық 9 жекеменшік балабақша ашылған. Ал облыста 336 жалпы білім беретін мектепте 129 338 оқушы білім алып жатқаны белгілі. Аталған 336 мектептің 156-сы шағын жинақталған мектеп десек, облыстағы басты проблема – бейімделген ғимаратта орналасқан мектептер. Осылайша жалпы мәлімет беріп, атқарылған істерді айшықтаған Марат Бекбосынұлы ыстық тамақпен қамтамасыз ету, балаларды тасымалдау, білім беру жүйесін цифрландыру, инклюзивті білім беру, кадрлармен қамтамасыз ету, басшыларды ротациялау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды сан сала бойынша жасалған жұмыстарды, кезек күтіп отырған мәселелерді айшықтады. Сонымен қатар, ол:

– Білім саласына қатысты айтылған ескертпе-сынның әр уақытта болатыны анық. Біз одан қашпаймыз. Айтылған кемшіліктердің орнын толтырып, сынға сапалы жұмыспен жауап беруді көздейміз. Десе де кей журналистер елге нақтылы фактіге негізделген сыни материал ұсынбайды. Мәселен, мектепішілік интернет желісінің сапасыз екенін айтады да, сол ауылдағы интернет желісінің қолжетімсіз екенін айтпай кетеді. Кез келген білім ошағында сапалы интернет болу үшін ең алдымен сол елді мекеннің  желісі жолға қойылуы керек емес пе?! Осы секілді «жазасалды», «айтасалды» дүниелер бізге бағытталып тұрғаны жасырын емес, – деген М. Сүлейменов алдағы уақытта жүзеге асатын мемлекеттік жобалар тұрғысында да ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар, білім мемлекеттің жетекші саласы екенін ескертіп, осынау арнадағы ағаттықтарды қоғам болып, қоғамдық кеңес мүшелері болып түзеуге күш салған дұрыс екенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған қоғамдық кеңестің мүшелерінің біршамасы салаға қатысты сыни пікірлерін ортаға салса, кейбірі көкейлеріндегі толғандырған сауалдарын қойды.

АРДА БИ
Фото: көрнекілікке алынды