АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АҚЫН ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВТІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 19.05.2021
Оқылды: 1183
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде онлайн форматта «Олжас Сүлейменов және таза ғаламшар» атты ғылыми-конференция өтті. Шара Тәуелсіздік алғанымыздың 30 жылдығы мен қоғам қайраткері, ақын Олжас СүлейменовтІң 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды. Мерейтой иесін алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

– Сіздің 60 жылдық мерейтойыңыз әлі есімде. Жас жігіттей сымбатты, жігерлі едіңіз. Сіз бүгін де осы қалпыңыздан еш өзгермегенсіз. Ал 80 жылдық тойыңызды Талдықорған қаласында тойладық. Сол кезде сізді құттықтауға еліміздің мықты волейбол ойыншыларынан бөлек, көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан да азаматтар келді. Халық сізді құрметтейді, сыйлайды. Сіз әрдайым жүрек қалауыңызды тыңдайтын дара ақынсыз, – деген Амандық Ғаббасұлы мерейтой иесіне мықты денсаулық тілеп, Олжас Омарұлының 90 жылдық, ғасырлық мерейін спорт алаңында бірге қарсы алғысы келетінін жеткізді.

Келесі кезекте ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ауылшаруашылығы министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Парламент Сенаты және Мәжілісі депутаттарының жүрекжарды лебіздері оқылды. Сондай-ақ, белгілі ғалымдар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақынның шетелдік достары сөз алып, естеліктермен бөлісті.

Конференция барысында мерейтой иесіне ҚР Ауылшаруашылығы министрілігі Қазақ ұлттық аграрлық институтының ғалымдар кеңесі атынан «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» медалін табыс етті.  Конференция «Жаһандану дәуіріндегі тіл мен мәдениет», «Қоғам және адам», «ҚР жастар саясатындағы маңызды мәселелер», «Заманауи педагогикалық және информациялық технологиялар», «Жасыл әлем және жаңа технология», «Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы және жастардың планетарлық ой-өрісі» тақырыбындағы секция жұмысымен жалғасты.

Онлайн конференцияның модераторы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбиелеу институты» қызмет атқаратындығын айтты. Олжас Омарұлы ауылды жерден келген студенттермен жиі кездесіп, түрлі шараға қатысады. Сол кездесулерде ақын әдебиет, мәдениет саласы мен елдегі экологиялық проблемалар туралы айтып, пікір алмасады. Биыл «Олжас оқулары» эпидемиологиялық жағдайларға байланысты онлайн режимінде өтті.

Еңлік АРЫҚБАЙ