ТАЛДЫҚОРҒАНДА МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 21.05.2021
Оқылды: 1461
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтіп, оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы қатысты.

Жетісу руханиятының қара шаңырағы саналған Б.Римова атындағы Талдықорған драма теа-трында өткен салтанатты жиынның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Секен Тұрысбек Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы жанынан ашылған «Ақ жауын» камералық ансамблімен ашты. «Көңіл толқыны» күйі күмбірлегеннен кейін мәдениет майталмандарының қуанышымен бөліскен аймақ басшысы, сала мамандарына ақжарма тілегін арнады.

– Қадірменді мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Тау суындай мөлдір, бекзат өнердің биігінде жүрген сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген еді. Елімізде мәдениет пен өнерді насихаттауға қолдау жасалып, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында үлкен міндеттер қойылды. Халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайының жылдан-жылға артуына, мәдени-рухани дамуына ерекше көңіл бөлінуде, – деген облыс әкімі Амандық Баталов өңір жетістігіне тоқталып, мәдениет саласының өркендеуі үшін атқарылып жатқан иігілікті істерді айшықтап өтті.

Бүгінгі таңда облысымызда архивтер мен мәдениет мекемелерінің саны 585 нысанды құрап отырса, биыл 4 ауылдық Мәдениет үйі, 3 кітапхана ашылғанын жеткізді. Сонымен қатар, 9 мамыр қарсаңында Қарасай ауданында «Анаға құрмет» атты сурет галереясының ашылып, ел игілігіне берілген. Облыста мәдениет, өнер бағытында жаңа форматтағы бірнеше жаңа жобалар іске асырылып, халыққа ұсынылған.

– Өткен жылы «Рухани қазына» республикалық фестивалінде С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханасы мен Қапшағай қалалық Мәдениет үйі жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, «Сәлем, Елорда!» республикалық телевизиялық концертте облыс өнерпаздары сәтті өнер көрсетіп, соңғы үш жылда Мәскеу, Тайланд, Түркия елдерінде қазақ өнерін паш етті. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 12 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, биыл жаңадан ашылған Мәдениет үйлері, архивтер мен халық театрлары 125 штаттық бірлікпен толықтырылды. 481 млн. теңгеге мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, – деп руханияттағы ілкімді істерді тілге тиек еткен облыс әкімі Жетісу жері мәдениеттің бесігі екенін, Бақтыбай мен Сүйінбай, Жамбыл, Ілияс пен Мұқағали, Жұматайлар шыққан киелі жерде мәдениеттің сан саласының саңлақтары еңбек етіп жатқанын да ерекше атап өтті.

Өз кезегінде аймақ басшысы мерекеге орай қызметкерлерді де марапаттауды ұмыт қалдырмады. Атап айтсақ, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Руслан Сенкебаев, Кеген халық театрының әртісі Самиға Әлдекенова, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Бейбіт Мұсаев, «Үшарал» халық театрының режиссері Әділғазы Нүсіпов, «Алатау әуендері» концерттік ұйымының бас балетмейстері Әсел Ержанқызы, Д.Рақышев атындағы халық театрының директоры Қуанышбек Изенаев, Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, Қаратал аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Галина Гилева, Ақши халық театрының жетекшісі Жасұлан Түсіпбеков, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жазу студиясының меңгерушісі Асқар Төлеутаев, Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қолқанат Измаханов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген біршама жандар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен мерейленді.

Қазақ мәдениетінің уығы болып шаншылған әрбір салада жемісті еңбек етіп, ел руханиятына саналы ғұмырын арнап келе жатқан бірқатар азамат арнайы аталымдар бойынша марапатталып, 100 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Атап айтар болсақ, «Үздік кітапхана қызметкері» аталымы бойынша Талдықорған қалалық кітапханасының қызметкері Аяжан Қыдыралинова, «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік музей қызметкері», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әртісі Базарбек Тоқымтаев «Үздік театр артисі», Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің балет әртісі Гүлнұр Қаржаубаева «Үздік биші», Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Александра Ревкова «Үздік әнші» және аталмыш филармонияның жеке дауыстағы әншісі Сая Есенгелдинова «Үздік дәстүрлі әнші» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы М.Төлебаев атындағы халық-аспаптары оркестрінің аспапшы, әртісі Ботагөз Дүнгенбаева «Үздік аспапшы», талғарлық Сайлау Ботабеков «Үздік қолөнер шебері», облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бағдат Батыров «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері» аталымы бойынша мерейленді.

Ал «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» деп танылған «Алатау әуендері» МКҚК-на облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы жаңа жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, Жамбыл аудандық Мәдениет үйі «Үздік Мәдениет үйі» деп танылса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана», Ж.Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданындағы «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» жеңімпазы деп танылып, 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Салтанатты жиында сөз алған Б.Римова атындағы драма театрының директоры Руслан Сенкебаев өнер иелеріне, мәдениет саласындағы жаны жайсаң адамдарға, өңір руханиятына ерекше қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкіміне деген алғысын жеткізіп, әріптестерін мерекесімен құттықтады.

Ақжарма лебіз айтылып, мәдениет қызметкерлері мерейленген кештің соңы жетісулық өнерпаздардың концертіне ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы