АРУЖАН ӨНЕР: "ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚЫМ КЕЛЕДІ"

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1038
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінде оқимын деген жасқа мүмкіндік көп. Өзі таңдап, өзі қалап жүрген мамандықты терең игеруге жол ашық. Өз еңбегімен ерекшеленіп, талантымен көзге түсіп, болашағынан мол үміт күттіретін жанның бірі – Аружан Өнер.  
   Аружан бүгінде Америкадағы New York film Academy оқу орнында «acting for film» мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Оның алдында Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. «Болашақ» бағдарламасының грантын жеңіп алған талантты қыз бес жасынан музыкамен айналысса, 6  жасында арнайы хореография мектебіне қабылданып, 17 жыл оқыған. Әке-шешесінің ерекше қолдауының арқасында сахнада өз өнерін бала жастан еркін көрсетіп келеді. Балаларға арналған түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз болды. Бүгінде 23 жастағы қыз өзінің кейінгі қатысқан «Х factor» жобасында үлкен тәжірибе жинағанын айтады. Байқауда «DBS» тобының мүшесі Аружан вокалды шоудың финалисі болды. Өнер деген адам бойына бітсе, оны дамыту жолында, өркендету мақсатында адам көптеген тәуекелге барып, белді бекем буады емес пе? Мақсатына жету жолында кейіпкеріміз көп жұмыс істеді. Соның нәтижесі бүгінде Аружан білімін Америкада өзі армандаған оқу орнында жетілдіріп жатыр.
Кейіпкеріміз алғаш New York film оқу орны  туралы Instagram желісінен көріп, парақшаны толық шолып шығады да, өзіне мақсат қояды. Карантин уақытында әкесінен айырылған талант иесі асқар тауының тірі кезінде «оқуға түсесің» деген сенімі үлкен істі нәтижелі түйіндеуге күш берді. Ағылшын тілін меңгеру деңгейі бастапқыда төмен болғанымен, үш айда білімін көтеріп алды. «Деңгейім төмен болғанда, аптасына үш күн жеке мұғаліммен, үш күн айтылым бойынша басқа мұғаліммен сөйлестім. Аптасына 6 күн оқыдым. Демалыс күні соларды қайталап жүрдім. Түнде ұйықтамай оқыған кездерім де болды» дейді кейіпкеріміз. New York film академиясының өзінен шәкіртақы ұтып алғанымен, одан бас тартады. Себеп – оқуы төленетін болғанымен, виза ала алмады. Сол себепті «Болашақ» стипендиясына тапсырып, ұтып алды.
  Өзінің келешек жоспары жөнінде кейіпкеріміз «Голливудтың ортасында білім алып, өнер саласында жаңа өзгеріс жасасам деймін. Елге келгенде студия ашқым келеді. Қазақ халқының кейіпкерлерін ерекше етіп шығарамын. Мақсаттарымның бірі – мектептегі балаларды Америкадағы университетті аралатуға мүмкіндік жасау», – дейді. Өз білімін елінің киносаласын дамытуға жұмсаймын деген қаршадай қыздың бүгінгі жетістігінің өзі үлкен қуаныш. Кино саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыруына біз де тілекшіміз.

 

Серік ҚАНТАЙ, 
Жетісу облысы