Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ: "Білім күмәнға жетелемейді"

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 865
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихтың қилы кезеңдерін бастан кешкен жаужүрек бабаларымыз бен терсіңді еңбек етіп, маңдай терін қара жерге тамызып, сол бейнет «сығындысы» сіңген қағырдан өскін көктеткен аналарымыз жайлы кешегі күні Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ ерекше тебіренді. Ұлы ерлігімізді айғақтап, айбарлы Алаш жұртының ұстыны мен рухының білтесіндей көрінген Орбұлақ шайқасының 380 жылдығына орай Жаркентте өткен ел көлеміндегі ғылыми-танымдық конференциядағы классик жазушының сөйлеген сөзін (таспаға басылған күйінде айна-қатесіз емес, сәл жұмсақтап) оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.

Біздің ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жерімізді кешегі бабаларымыз ерлік пен өрлік, асқан намыстың арқасында ғана қорғады ма? Қара күшіне сенген халықтың ғұмыры баянды болған ба? Тарихымызда орын алған ұлы жорықтар мен аса қуатты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Орбұлақ» сынды шайқастарды еске алып, ат жалын бала жастан тартып мініп, үзеңгіге қауқары жетпеген тұсқа дейінгі тірлік шамасында ел шетіне ентелеген басқыншыны бұйдалап, бұқтырған, беттеуге дәті жетпейтіндей тайсақтатқан қаһармандыққа қарап біржақты байлам жасайтындар жеткілікті. Сонда қазақтың білімі қайда қалды?

Білектінің бірді, білімдінің мыңды дәргейіне жүгіндіретінін пайымдаған қазақтың кешегілері ат жалында ғана емес, аталы сөзде де ешкімге есе жібермеген. Білім жолында да терсіңді еңбек еткен. Ата кәсібіміз саналған төрт түлікті жаю, бағу үшін де білім керек қой! Қойыңды қай жерге жаясың, қай өрістен тояттайды, қай тұсқа өргізгенде ет алып, қыстан қоңды шығады, осының бәрі білімге негізделген шаруа. Алдыңдағы түлікті тіршілікке талғажау етіп, байлығың мен дәулетіңнің бір еншісіндей көрдің бе? Онда оның жайлауы мен күзеуі, қыстауының қайда, қашан болатынын да алдынала біліп отыруың қажет. Қоңыр қойыңды баққандай сиыр малын иіріп, өрістете алмайсың. Оған өзгеше күтім, басқаша бап керек. Табынның тәлімі басқа. Сол секілді жылқы төлінің де өрісі мен қонысы, тебіні мен телімі қой-ешкі, іріқараға қарағанда мүлдем өзгешелеу. Осының бәрін қарап отырып қазақтың кешегі буыны, ата ұрпақ білімсіз болды деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ!

Өткен ғасырдың басында қазақ халқын қараңғылықтан жарыққа ұмтылдырсақ, білім берсек, оқытсақ деген ұлт көсемдерінің сөзі – сауат ашу, қәріп танытудың негізінде айтылды. Әлем елі өркениет пен тарихын, танымын хатқа түсіріп хаттап жатқанда бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу болуы, адамзатпен тең дәрежеде сөйлесуі, қаулы мен қарар, заң мен законды меңгеріп, ешкімге есе жібермеуі үшін Сұлтанмахмұт айтқан «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген асыл арманмен қам қылды. Оның негізіне бойлай келе еліңді білімсіз, парықсыз деп айтуға жөнің де, қақың да жоқ. Өйткені дала институтынан білім алған, табиғатпен тұтасып, ешбір аспапсыз, қондырғы мен құралсыз аспан әлемінің сырын біліп, болашағын, келер күнін болжай білген ата ұрпақ, байырғы бабаларымыз білімсіз болған емес!

Ұлттың ұлы құндылығының қайнар көзі де білімде жатыр. Ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен сыйласымдылық, жарасымды ғұмырға да білім негіз болады. Әйел затының алуан түрлі мінезін, оның нәзік те нәркес болмысындағы құпияларды білу, ер адамның жаратылысындағы жұмбақтарды тану үшін де адам белгілі бір дәрежеде өмірден түйгені, білгені болуы шарт. Ғасырлар бойы жетімін жылатпай, жесірінің кірпігінен жас үздірмей келген, құдай қосқан қосағыңнан айырылдың деп қу далада қаңғытпаған, ата дәстүр бойынша әмеңгерлікпен теліп, ағайынан алшақтатпаған қазақтың білімі сонда шартты-шанақты ма еді?

Біз мұны не үшін айтып отырмыз? Кешегілердің арына арашашы болатын айғақтың өзін көрмей, бабалар қараңғы болған деген байламды бүгін көп жиі айтып жүр. Оған тоқтам қажет. Және бабалар тағылымынан тәлім алып, бүгінгі заман туындатқан ғылыми жаңалықтардан да, білім үрдісінен де бас тартпау керек. Махаббат пен адами қасиеттерді қастерлеп, заманға сай білім алу, өз тарихын, тамырын тану жас буынның еншісінде. Баркөрнеудің биігінен қазақ елінің көшіне көз тастап, шалдыққан жеріне қара нардай күшпен септесер жан қажет. Ол жас ұрпақтан шығар деп үміттенеміз. Сонда барып «Шыңғысхан қазақ па?», туған жері шежіреміздегі біз мекен еткен жердің атауларымен дәлме-дәл болса да «бұрмалаушылық», «қазаққа телушілік жоқ па?» деп алаң күйде болмаймыз. Білім күмәнға жетелемейді. Білім ел руханиятының шам-шырағы, тарихының тамыры, тағдырыңның темірқазығы болатын жалғыз асыл құндылық. Оның талмай кеудеге қондыру күллі адамзаттың, оның ішінде қазақ халқының да борышы болуы қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"