ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚТАР ТҮНГІ МУЗЕЙДІ ТАМАШАЛАДЫ

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1691
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халықаралық музей күніне орай Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облысымыздағы мұражайлар мен галерея қызметкерлерінің рухани шарасы шымылдығын түрді.

Шаңырақ күмбезді ғимаратта өткен игі шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев құттықтау сөзімен ашты. Ол:

– Жері кеніш қазақ елінің тарихы тереңде. Оны ғасырлар бойы сыры ұшып, сыны кетпей сақталған жәдігерлерден-ақ аңғаруға болады. Бүгінде өңіріміздің әр аймағында музейлер мен галереялар қарқынды жұмыс істеуде. Сол киелі ошақтардағы жәдігерлердің саны да толыққан, толысқан, бір сөзбен айтқанда, мол деуге болады, – дей келе, музейде жұмыс істеу ерекше бір әлемде өмір сүргендей екенін желпінте айтып, барша қызметкерлерді Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтайтынын, жұмыстарына жеміс, еңбектеріне табыс тілейтіндігін жеткізді.

Ақжарма тілектен кейін Мәрлен Қапашұлы бірқатар музей қызметкерлеріне, атап айтсақ, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің суретші-рестовраторы Құрманғазы Қадыровқа, І.Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваға, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Құрбан Бауыржанға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталғының директоры Адиля Қоржымбаева, Ақын Сара мемориалды музейінің меңгерушісі Айгүл Әлімбаева мен «Анаға құрмет» музейі меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанат Мұхтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, "Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректорының Алғыс хаты мен жекелей аталымдар бойынша бірқатар музей қызметкерлері марапаттауға ие болды.

Рухани кеш барысында Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашып, шара көрігін қыздырды. Аталмыш шара келесі күні М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тапты. Онда Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі экспонаттарынан құрылған «Елін сүйген Елбасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ, «Тарихы терең Жетісу» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырылып, «Жетісудың жыр дәриясы» тақырыбында дәстүрлі ән шеруі орын алды. «Музей түні – 2019» атауы бойынша өрбіген рухани шара күн ауғанша жалғасын тауып, көрерменге музей түнімен есігін айқара ашты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ