Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БАЛА САНЫ КӨП": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 48 ҮШАУЫСЫМДЫ МЕКТЕП БАР

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 571
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Jetisý media» ақпараттық алаңында «Облыстағы үшауысымды мектептердің ахуалы»  тақырыбына арналған брифинг өтті. Онда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова аймақтағы үшауысымды мектептердің жағдайы мен оқу орындарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын жан-жақты баяндады.

Облыс бойынша 32 білім беру нысанының құрылысы жүруде. Үшауысымды мектептерді болдырмау мақсатында 17 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 1200  орынды 3 мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. 300 орынды 1 мектеп жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.  Қалған 13 мектеп 2021 жылға тиесілі. 2020-2021 оқу жылында 48  үшауысымды мектеп жұмыс істейтінін айтқан Гүлсара Тастандықызы:

– Жаңа оқу жылына жүргізілген мониторинг бойынша қосымша 13 үшауысымды мектеп анықталды. Биыл бірінші сыныпқа 47 мың оқушы келді. Кейінгі бес жылда жыл сайын бірінші сыныпқа келетін бала саны 15-20 мың аралығында артуда. Ол өз кезегінде демографиялық өсімнің барын көрсетеді. Миграциялық қозғалысқа байланысты да оқушы саны еселенуде. Әсіресе, Алматы қаласының маңында орналасқан аудандарда бала саны көбейіп, үшауысымды мектептердің ахуалына себеп болуда, – деп бүгінде 760 жалпы білім беретін мектептің барын және оқушы саны 419 мыңнан асқанына тоқталды.

Облыс бойынша 55 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 37 білім нысанының күрделі жөндеу жұмысына қаржы қарастырылған. Бүгінде 12 мектепті, 3 мектеп ауласын, стадионды жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған мектептер 1 қазанда аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды