АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТӨРТ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ВИРУС ЖҰҚТЫРУ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 22.07.2021
Оқылды: 1246
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал нашар. Облыс әлі "қызыл аймақта". Облыстың ішінде қызыл, сары, жасыл аймақтар бар. Бұл туралы Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті.

Эпидемиологиялық матрица бағалауы бойынша, Ескелді мен Талғар ауданы, Текелі мен Талдықорған қаласы қызыл, Іле, Қаратал аудандары сары, қалған қалалар мен аудандар жасыл аймақта.

Мамандардың айтуынша, негізінен, КВИ және «Дельта» түрленген вирустары вакциналанбаған тұрғындар арасында тіркелген. Бұл вакцинацияның тиімділігі жоғары екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда Алматы облысында екпенің бірінші компонентімен 513 109 адам, екінші компонентімен 291 549 адам егілген. Вакциналанғандар саны бойынша педагогтар (37 594) және медицина қызметкерлері (23 167) көш бастап тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"