ДЕПУТАТТАР ХАЛЫҚ ҚОЙҒАН БАРЛЫҚ СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРУГЕ МІНДЕТТІ

Уақыты: 11.06.2020
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңес отырысы өтті.

Биыл 30 қаңтарда Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі мен Қазақстанның заңгерлер одағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бірлескен бірнеше жұмыс сәтті аяқталса, індет салдарынан жоспарланған бірқатар іс кейінге шегерілген. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев айтты. Өз сөзінде Төлеубек Төлеуұлы:

- Мәслихат депутаттары арасында заң саласында құқықтық оқыту, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын арттыру керек. Әр депутат өз  окургіндегі халықпен жүздесіп, заң тұрғысында насихат жүргізуі тиіс. Сауалдарға толық жауап беруге міндетті. Күзде қаралатын мемлекеттік өзін-өзі басқару заңамасында мәслихат депутаттарының жағдайын көтермекшіміз. Онда мәслихат депутаттарының құқықтық мәртебесін нақтылау, мәслихат хатшыларына сессия өткенде төрағалықты беру құқығы сынды ұсыныстар енгізілді, – деді өз сөзінде.

Апат айтып келмейді. Жақында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында тасқын болып, бес ауылдағы алты жүзден астам үйді су шайып кеткен болатын. Қазақстан мәслихаттарының төтенше жағдайдың зардаптарын еңсеруге қосқан үлесі, табиғи апаттарды жоюда халыққа көмек көрсетуі, сондай-ақ, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысуы туралы Мемлекеттік-құқықтық мәселелер және өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, Түркістан облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Мелдеханов айтты.

Өз сөзінде Өмірзақ Пердебекұлы Арыста болған апатқа тоқталып, биыл Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көрсетілген жәрдем жайын сөз етті. Сондай-ақ, бірнеше апаттың да алдын алуға ат салысқандарын жеткізді.

Серік ҚАНТАЙ

Сурет - ғаламтордан