ІЛЕ АУДАНЫ: ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫНДАҒЫ ӨРТТІҢ ТАРАЛУ ҚАУПІ ЖОЙЫЛДЫ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1311
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін, яғни, 15 маусым, 14 сағат 00 минутта Іле ауданындағы қоқыс полигонында қатты тұрмыстық қалдықтардың жануы оқшауланды, өрттің таралу қаупі жойылды. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Сөндіру жұмыстары бықсыған массаны қайта құнарландыру және топырақ себу арқылы жүзеге асырылуда. Өрт ошақтарына су да үздіксіз құйылып жатыр. Өрт шыққан сәттен бастап полигонға барлығы 25 мың текше метрден астам топырақ және 5,5 мың текше метр су әкелінді.

Қол жетпейтін ошақтарды сөндіру үшін су тасмалдағыш құрылғысы бар "МИ-8" тікұшағы тартылды. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, Іле ауданы әкімдігі, "АДК Таза Әлем" ЖШС және "Таза Жер" ЖШС-нен барлығы 100-ден астам адам мен 40 бірлік техника жұмылдырылды.

Оқиға орнында жедел штаб жұмысы жалғасуда, аудан әкімдігімен тартылған жеке құрам үшін жанармай жеткізу және тамақтандыру жұмысы ұйымдастырылды. Айта кетейік, полигонның өзі биіктікте орналасқандықтан, өрт сөндіру жұмысы едәуір қиындады.

13 маусымда бақылау, өлшеу кезінде өрт алаңы 7 гектарды құрады. Оқшаулау кезінде жалпы алаңдағы өрттің 85 пайызы (6 га) жойылды.

Бұл ретте өртті сөндірудің бастапқы кезеңінде қатты түтіннен (қою түтін) өрттің нақты ауданын анықтау мүмкін болмады және алдын ала алаңы белгіленді. Қабылданған шаралардың арқасында қоқыс полигонының барлық алаңына (34,4 га) өрт таралған жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"