ҚАҚПАҚ АУЫЛЫНДА КҮН СӘУЛЕСІНЕН ҚУАТ АЛАТЫН ДЕМАЛЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 22.06.2020
Оқылды: 3113
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Туған ел мен жерге жақсылық жасау – сауабы мол іс, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып қалар ғибрат. Қақпақ ауылынан шыққан Нұрлан Әбдікерімов пен Тасқын Есенаманов бастаған азаматтар ауылдың іргесін тамаша саябақпен көркейтті. Ауыл қақпасының жанынан бір гектар жер арнайы қоршалып, оған 300 түп алма, тал-теректің көшетін отырғызды.

Бүгінде балғын көшеттер жапырақ жайып өсіп келеді. Ауылға ат басын бұрған түлектер мен қонақтар бір бұрылмай кетпейтін саябақтың ішінен арнайы орын жасалып, қос қазақ үй тігіліпті. Бағаналарға күн сәулесінен қуат алып түн ішінде жарқырай жанып тұратын шам орнатылып, тамақ әзірлейтін, кәуап пісіретін, қол жуатын, отыратын орындар жасалған.

Саябақтың ашылу салтанатына Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов қатысып, жұртшылыққа жүрекжарды тілегін жеткізді. Бірлік пен ынтымақ бар жерге ырыстың қонатынын, берекенің даритынын айта келіп, ауыл азаматтарының осынау шаруасы соның жарқын көрінісі екенін атап өтті. Қарт ұстаз, қадірменді қария Меліс Жұманов ел-жұрттың атынан аудан әкіміне, ауыл азаматтарына алғысын білдірді. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы