Мемлекет қолдауы мерей асырды

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1109
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпір өтті. Шара аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, индустрияландыру картасына енген маңызды нысандарды таныстырды. Олардың қатарында металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жоба көрсетілді. 

Президент жалпыұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыстығын және оның уақыт талабына сай екенін айтты. Сонымен қатар, экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын жеткізді. 
– Осы жылдар ішінде       2 мың шақырым теміржол,    5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Құрық» портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия – Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Индустрияны да, инновацияны да жасау үшін тиісті қаражат, білікті мамандар қажет, мемлекет дайын болуы керек. Шикізат бағасы бір орында тұрмайды, кейде көтеріледі, кейде түседі. Осыған қатысты ойын білдірген Президент мұнай мен газдың аумалы құқын төмендету үшін не істеу керектігін де айта кетті. Сол қатарда Мемлекет басшысы шенеуніктер мен компания басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды. 
–Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриалды саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дайын. Сондықтан оны жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ, Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс, –  деді ол. 
Цифрлық технологияларды дамыту аясында ғылымға негізгі басымдық беріледі. Осы орайда Қазақстанның екі ғылыми орталығына үлкен сенім артылып отыр. Алайда олардың жұмыс нәтижесіне қанағаттанбаған Елбасы «Алатау» инновациялық технологиялар паркін жан-жақты тексеруді тапсырды. Елбасының пайымынша, технологиялық жаңғыртуды ойдағыдай атқару үшін адам капиталын дамыту қажет. Кәсіби мамандарды жинамай, алға қойған мақсаттарды іске асыру мүмкін емес. «Болашақ» бағдарламасы да, Назарбаев университеті де, барлық оқу орындары соған жұмыс істесін. Зияткерлік мектептер дарынды балаларды іріктеп жатыр. Негізі, қазір жұмысты 25-30 жастағы азаматтарға берген жөн. Одан қорқатын ештеңе жоқ, бәрімізді алға жетелейтін солар», – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сөзінде ЭКСПО технологияларын елімізде енгізу жұмыстарына байланысты ойын жеткізе келіп, көрмеде таныстырылған технологияларды жүйелі түрде қолданысқа енгізу қажеттігін тапсырды. Телекөпірде Қазақстанның фармацевтикалық саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы кәсіпорындарға халықаралық GMP стандарттары енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, саладағы ел компанияларының дамуына кедергі жасап отырғандарды сынға алды. 
Айта кетерлігі, телекөпірде еліміздің әр өңірінде орналасқан жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және      агроөнеркәсіптік жобалар онлайн режімде іске қосылды. Жетісу өңірінен «PSI STROY INDUSTRIES» ЖШС басқарушы директоры Павел Беклемишев Елбасыдан жылдық қуаты 18 мың тоннаны құрайтын сапасы жоғары металл құрылғыларын шығаратын жаңа өндірістің алғашқы өнімін шығаруды сұрады. 
– Біз кәсіпорынды дамытуды жалғастырудамыз. Біліктілігі жоғары дәнекерлеушілерді дайындайтын оқу орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Орталықты құруға шведтің дәнекерлеу құрал-жабдықтарын шығаратын компаниясы қатысты. Біздің кәсіпорнымыз ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосарына сенімдіміз, – деді ол. 
Сондай-ақ, «Қора СЭС» ЖШС бас директоры Виктор Сычёв Қазақстан Президенті қолдауының арқасында елімізде жүздеген мың бизнесмен қолдауға ие болып отырғандығын айтып, шағын және орта бизнестің 3 жаңа жобасын Мемлекет басшысы пәрменімен іске қосты. 
Сондай-ақ, телекөпір соңында Елбасы «Алтын сапа» сыйлығының басты аталымдарын және «Парыз» байқауының Гран-при жүлдесін салтанатты жағдайда тапсырды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый-сияпат жасады.
«Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында Алматы облысының «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС орта кәсіпкерлік субъектілері арасында алдыңғылар қатарынан көрініп, кәсіпорын басшысы Закиржан Кузиев сыйлығын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Тимур Күлебаевтің қолынан алды.  
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Ұлы Дала елі» шатырлы брендімен марапатталғандар арасында жерлесіміз Бақытжан Мұсанов басқаратын «Рыбпром» ЖШС да бар.
 Кәсіпкерлер палатасы  алғаш рет тағайындаған «Кемел іскер» сыйлығын еншілегендер қатарында 2000 жылы құрылған, дәрі-дәрмек шығаратын және қазіргі кезде өнімдері өз елімізбен бірге Өзбекстан, Әзірбайжан, Ауғанстан мемлекеттеріне де жөнелтілетін «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС болды. Бұл компанияның бас директоры Зиятхан Гасанов. Сонымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша белгіленген «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымының «Парыз» сыйлығы Виктория Горобцова басқаратын «Kagazy Rexycling» ЖШС-не берілді. 

Асхат РАЙҚҰЛ. 
Астана.