Көшпелі отырыс қорытындыланды

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1047
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Астана қаласында ҚР Ауылшаруашылық бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың қатысуымен ауылшаруашылығы кооперативтерін басқаруға арналған көшпелі семинардың қорытындысы шығарылды.

Еске сала кетсек, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі "Атамекен" ҰКП, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер одағының ұйымдастыруымен 23 – 25 қараша аралығында ауылшаруашылық кооперативі қызметкерлеріне, шаруашылық басшылары мен ауылдық округтердің әкімдеріне арналған «Ауылшаруашылығы өнімдерін тауарлы өндіріспен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы кооперативін басқару негіздері» атты көшпелі семинарлар өткізген болатын. Оқыту бағдарламасына сай оларға құқықтық, экономикалық мәселелер, салық төлеу және есеп-қисап жүргізу, мемлекеттік қолдау мен реттеу, сервистік қызмет көрсету бағытында  сарапшылар кәсіби кеңес берген еді. Шара аясында 182, оның ішінде ауыл, аудан және қалаларда 168 семинар өткізіліп, 6661 адамға құқықтық кеңес берілген.

Алдын ала жүргізілген талдау бойынша бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының арасында кооператив құру және дамытуға деген белсенділік өте жоғары. Олардың өз жоспарын жалғастырып әкетуге жергілікті билік пен «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалдарының қолдау көрсетуі жұрттың көкейіндегі түйткілді тарқатып, тынымсыз еңбек етуге жебеу болған. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, бүгінгі таңда республика көлемінде 1063 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Оның ішінде биылғы жылы құрылған 774 кооперативтің аяқ алысы жаман емес.

Басқасын айтпағанның өзінде, ағымдағы жылы құрылған кооператив және жеке қосалқы шаруашылықтардың ұжымдарының құлшыныстарының арқасында 68,5 мың тонна мал азығы дайындалса, 15,1 мың тонна ет және 80,5 мың тонна сүт, 21,5 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері, 1 мың тонна құс еті, 19 тонна бал, 56 тонна қой еті, 27 тонна түйе және 31 тонна ешкі сүті, 63,7 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ел игілігін еселей түскен.

Көшпелі семинар нәтижелі өтті. Биылғы жылға облысымызда тауар өндірушілерін қолдау арнасын ұлғайту мақсатында 24,3 млрд. теңге қаражат бөлінді, оның ішінде демеуқаржы көлемі  19,2 млрд. теңгеге немесе 79%-ға жетіп отыр. Ауылшаруашылық кооперативін құру жұмысы жаңа қарқынмен жүргізіліп, барлығы 430 құрылтайшының бірігуімен 53 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 60 мың агросубъектілердің бірігуімен 600-ден астам ауылшаруашылық кооперативін құрып, 76 млрд. теңгелік 116 өңдеу нысанын іске қосу қарастырылуда. Оның ішінде трансұлттық компаниялардың инвестициясымен 6 кәсіпорын іске қосылады.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібін жетілдіру үшін шикізатпен қамтуды қамтамасыз ету керек. Өнімділікті арттыру, егіс алқабы мен мал басын ұлғайту есебінен ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2021 жылға қарай  713 млрд. теңгеге  дейін артатын болады. Сондай-ақ, ет, сүт, жеміс-көкөніс қабылдау пункті желісі кеңейтілмек. 

Көшпелі семинар барысында түсіндіру тобы өңір тұрғындарына осы жетістіктерді жеткізіп, алдағы уақыттағы жұмыс ауқымын түсіндірді.  Демек, Астанадан бастау алған игілікті шара ел өркенін өсіруде.

Қажет Андас.