АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҚАШЫҚТЫҚТАН 7 МӘСЕЛЕ ҚАРАДЫ

Уақыты: 13.06.2020
Оқылды: 1211
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихаты кезекті 57-нші сессиясын коронавирусқа қарсы енгізілген шектеу шараларына байланысты қашық режимде өткізді. Сессияға Алматы облысы әкімі аппаратының, облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану, жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары, облыс бойынша тексеру комиссиясының өкілдері қатысты. Сессияға облыстық мәслихаттың депутаты Серік Мұқанов төрағалық жасап, жиынды жүргізіп отырды.

Онлайн режимде облыстық мәслихаттың 37 депутаты қатысқан сессияда 7 мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстың 2019 жылға арналған бюджетінің атқарылуы, облыста жүзеге асырылып жатқан жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік  жобаларының нәтижелері, облыс аумағындағы қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдаланудың жай-күйі, облыстағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы, «Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту, облыс әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын және облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту мәселелері талқыланып, халық қалаулыларының қарауынан өтті.

Бірінші мәселе – «Алматы облысының 2019  жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы» облыс әкімдігінің жылдық есебін ұсыну бойынша облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Керімбекова баяндама жасап, былтырғы бюджеттің атқарылуын таныстырды. Одан соң тақырыпқа қатысты облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Рауан Дауталинов, облыстық мәслихаттың бюджет, қаржы және тарифтік саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Қанатхан Нүсіпов кезекпен баяндама жасап, көтерілген мәселенің өзектілігін әңгімеледі. Осылайша алғашқы мәселенің бекітілуі үшін облыстық мәслихат депутаттары онлайн режимде дауыс беріп, бірауыздан қолдады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының нәтижелері туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рауан Дауталинов баяндама жасап, өңірдегі атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Баяндама назарға алынуы үшін дауыс берген халық қалаулары бірауыздан шешім қабылдады.

Одан кейін облыс аумағындағы қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдаланудың жай-күйі туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нүсіпбаев, облыстағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы басқарма басшысы Жомарт Қаратас баяндама жасап, көтерілген мәселенің өзектілігін жеткізді. Тақырыптарға орай дауыс берген депутаттар баяндамада ұсынылған мәселелер назарға алынуына шешім қабылдады.

Мәслихаттың кезекті сессиясының соңында ұсынылған «Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін, облыс әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын және облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту мәселелері бойынша дауыс берген мәслихат депутаттары мәселелерді қабылдауды жөн деп тапты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды