ПРАЙМЕРИЗ: ТЕКЕЛІЛІК АЛТЫ КАНДИДАТ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛМЕК?

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 1328
Бөлім: МІНБЕР

Бүгінде праймериздің екінші кезеңі жүріп жатыр. Жер-жерде кандидаттар үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Мұнан бөлек, партия тарапынан үміткерлер арасында пікір-сайыс өткізілуде.

Сондай шараның бірі Текелі қаласында болды. Праймеризге қатысушылар Текелінің сөз алаңында жолығып, бағдарламаларын таныстырды. Жоспарға сай 6 кандидат елдіктің, өркендеудің жайын айтты.

Үміткерлерді қаладағы біраз жай толғандырады екен. Жол – қатынастың күре тамыры. Ал оның сапасыз болуы экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да тұрғындар үшін жайсыздық әкеледі. Бір кандидат осыны айтты.

Келесісі сапалы ауыз сумен қамту жайын қозғай келе, су шаруашылығы, яғни, егінге иек артқан диқандардың еңбегі еш кетпес үшін су тапшылығының болмауын сөз етті. Өзгесі Текелі қаласын туристік аймаққа айналдыруды көздейді. Мұнан бөлек, қозғалған басты тақырып - ел Президентінің дәстүрлі Жолдауын жүйелі жүзеге асыру болса, бір үміткер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жандануына сүбелі үлес қосуға ниетті.

Айта кетерлік жайт, праймериз арқылы «Nur Otan» партиясы іскер, көшбасшы, ел сенетін тұлғаларды іріктеп, әлеуметтік лифт қалыптастырмақ. Жаңашылдықты қолдамасақ, жаңалануға үн қоспасақ, жаһандану деген көштің соңында қалмақпыз. Демек, праймериз – жаңашылдық қана емес, саяси жүйені ілгері сүйрейтін мықты механизм.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"