КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ ОН КҮНГЕ КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 10.06.2020
Оқылды: 966
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының соты карантинге жабылды. Ғимаратқа бөгде адамға кіруге болмайды, істерді қарау кейінге шегерілген. Бұл туралы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі әлеуметтік желіде хабарлады.

«COVID-19 короновирус инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне байланысты маусым айының 19-ына дейін Алматы облыстық сотының ғимаратында карантиндік шаралар енгізілді», - делінген Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Енді сот ғимаратына белсенді дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді. Облыстық соттың барлық қызметкерлері жеті күн үй карантиніне оқшауланады. Облыстық соттың жұмысы қашықтан онлайн режимге ауыстырылып, кеңседегі жұмыс уақытша тоқтатылады. Сот істерін қарау мейлінше кейінгі уақытқа шегеріледі. Сот отырыстарының тағайындалған күні мен уақыты туралы істерге қатысы бар тараптарға қосымша ақпарат жолданады. Қысқа мерзімде қаралуы тиіс іс материалдары, яғни, Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 107-бабы негізінде қаралатын материалдарды судья Талдықорған қалалық сотының ғимаратында қашықтан жұмыс режимінде қарайтын болады.

Айта кетерлігі, облыстық соттағы шектеу шараларының мерзімі мен режимі короновирустың таралу-таралмауына сәйкес өзгертілуі мүмкін. Қазіргі таңда Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыровпен ғимараттағы карантинге байланысты жедел сұхбат әзірленуде. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан