ӘКЕ, АНА ЖӘНЕ БАЛА ДАУЫ: СОТ МҰНДАЙ КЕЗДЕ ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҒАРАДЫ?

Уақыты: 31.10.2020
Оқылды: 1534
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес, неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеті.

Баланың туған тегін анықтау, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мәселелері «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) белгіленіп, реттеледі. Әке болуды сот тәртібімен анықтау және әке (ана) болуды даулау туралы азаматтық істерді қарау Кодекстің 48, 51-баптарына сәйкес соттарға тиесілі.

Кодекстің 48-бабына сай бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналарының бiрлескен өтініші немесе баланың әкесiнiң өтініші болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегi (әкесі) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының өтініші бойынша немесе баланы асырап отырған адамның өтініші бойынша, сондай-ақ, бала кәмелетке толған соң оның өз өтініші бойынша сот тәртiбiмен анықталады.

Сот әке болуды даулау туралы талапты қараған кезде тараптар ұсынған дәлелдемелерге назар аудара отырып, осы баланың жауапкерден туғандығын анықтауы тиіс. Мұндай дәлелдемелер мынадай жайттармен қамтамасыз етілуі мүмкін:

Біріншіден, ол туғанша баланың анасымен жауапкердің бірге тұруы және ортақ шаруашылық жүргізуі. Аталған факті отбасылық қатынастарға тән жайттардың болуымен расталады: бір тұрғындық үй-жайда өмір сүру, бірлесе тамақтану, бірін-бірі туралы өзара қамқорлық, бірлесе пайдалану үшін мүлік сатып алу және тағы сол сияқтылар. Бала туғанша осындай қатынастарды тоқтату, олар жүктілік басталғанша тоқтатылған кездегі жағдайларды қоспағанда, әкелікті анықтау туралы талап-арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз ретінде қолданыла алмайды.

Екіншіден, баланы бірлесіп тәрбиелеу. Ол бала анасымен және жауапкермен тұратын немесе жауапкер ол туралы ата-ана қамқорлығын көрсететін және назар аударатын кезде орын алады.

Үшіншіден, баланың әкесінің және анасының асырауында болуымен түсіндірілетін баланы бірлесіп асырау немесе жауапкердің осы көмектің көлеміне қарамастан баланы асырауға жүйелі көмек көрсетуі. Сот, сондай-ақ, жауапкердің әкелігін сенімділікпен растайтын өзге де дәлелдемелерге назар аударады. Оларға жауапкердің хаттары, оның сауалнамалары, өтініштері және жауапкердің әкелігін тануды дәлелдейтін басқа нақтылы деректер жатуы мүмкін. Осындай тану анасының жүктілік кезеңіндегі сияқты, сонымен қатар, бала туған соң да көрсетілуі мүмкін.

Баланың туу тегімен байланысты мәселелерді шешу қажеттігі жағдайында сот іс бойынша жайттарды ескере отырып сот-медициналық сараптамасын тағайындай алады.

Жоғарыда баяндалғандардан соттың ана мен әке және баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратыны көрінеді.

Ә.БЕЛГІБАЕВА,

Жамбыл аудандық сотының судьясы

Сурет ғаламтордан алынды