БОЗДАҚТАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1421
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Матай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде  «Тәңірдің тәтті сыйы – тәуелсіздік» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. 

 Мерекелік іс-шараға мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар қатысты. Тәрбие сағатының  негізгі мақсаты – патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, оқушылардың бойында ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру.
Ашық сабақта алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Желтоқсанда ерлік көрсеткен боздақтарды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Тәрбие сағаты барысында Желтоқсан оқиғасының көріністері топтастырылған бейнероликтер көрсетілді.
8 «Б» сынып оқушыларының ұйымдастыруымен Наргиз Аралова «Домбыра»,  Ельназ Болатқызы «Қамажай» биін билесе, Аяжан Танысбекова «Самға», Жанель Ахметжанова «Қазақстан таңы», «Қазақ елі осындай» әндерін шырқады. Сонымен қатар, Альмира Тұрғанбекова тәуелсіздікке арнаған туындысын оқып берді.
Елімнің ертеңіне сенемін. Болашақ – нұрлы, кемел. Жалынды жастар барда келешегім де жарқын. Оған себеп, Мағжан ақын айтқандай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай  күшті қанатты жас ұрпақтың, яғни біздің ұтымды ұмтылысымыз. Мен қазақ болып туғаныма, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма шүкір етемін. Мен – тәуелсізбін, тәуелсіз елдің ұрпағымын. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша туған жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған Ұлы даланың ұлы кемеңгерлерінің арқасында бақытты өмір кешудеміз.
 

Айдана Есілханова,
Матай орта мектебінің
 8 «Б» сынып жетекшісі
Ақсу ауданы​