Елбасы кітабы таныстырылды

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 2066
Бөлім: ТҮПСАНА

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өткен болатын. Міне, енді,  бұл кітап облыс-облыстарға таныстырылып, жұртшылықты қуантуда. Осыған орай  «Ұлы Дала қазынасы» партиялық бағыты аясында, Астана қаласының 20 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Елбасы Н. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының таныстыру рәсімі өтті.

С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған шараға Жетісу жерінің ақын-жазушылары, әдебиетшілер, кітапханашылар, жастар қатысты. Шараны ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым Елбасының бұл еңбегі еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы қиыншылық пен бүгінгі гүлденген Қазақстанның жүріп өткен жолын көрсететін шежірелі кітап екенін айтып өтті. 
– Жиырма алты жылда еліміз қандай белестерден өтті? Ішкі, сыртқы саясатты қалай жүзеге асырды? Қиындықтарды қалай еңсерді? Төрт бөлімнен тұратын кітапта осының бәрі егжей-тегжейлі жазылған. Бұл үлкен еңбек, Елбасының қаламынан туындаған құнды шығарма, – деді ол.
Негізгі баяндаманы жасаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев: 
 – Біз бүгінде Қазақстанның жетістіктерін еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Елбасының еңбегін, ел тарихындағы алатын орнын кейінгі толқын, біздің болашағымыздың бастауы – жастардың біліп, терең сезініп өсуі бүгініміз үшін ғана емес, ертеңіміз үшін де маңызды. 
Әлемдік тұлғаға айналған Елбасы еңбектерінің, өмірі мен қызметіне арналған кітаптардың тағылымы мол. Бүгін осы кітаптардың қатары тағы бір құнды шығармамен толықты.
Жаңа туындыда «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» атты бірқатар тартымды бөлімдер бар. 
Кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты жетістіктері жан-жақты қамтылған. Заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық индустрияландыру, әлеуметтік жаңғыру сынды егемен еліміздің нысаналы істері толықтай қамтылған, – деді баяндамашы.
Шарада ағалық ақ тілегін жеткізген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт Елбасының сарабдал саясаткерлігі, көрегендігінің арқасында сонау қиын-қыстау кезеңнің өзінде астананың Арқа төсіне көшіріліп, бүгінде бұл шешімнің дұрыс қадам болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп отырғанына, Астананың Еуразияның кіндігіне, әлемдік мәселелерді шешетін орталыққа айналғанына тоқталды. Кітапта Тәуелсіз Қазақстанның аумалы-төкпелі қиын кезеңнен бүгінгі биік белеске жету жолының кезең-кезеңімен дәріптелгені, бұл қазақстандықтар жүріп өткен жол ғана емес, шынайы, өшпес тарих екендігін бөліп айтты. 
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев мұндай құнды дүниенің осының бәрін өз басынан өткерген Елбасының қаламынан туындауы үлкен ғанибет, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тағылым екендігін атап өтті. Сондай-ақ, кітаптың еліміздің 33 басты жетістігін айшықтап жазуымен ерекшеленетінін жеткізді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова еліміздің 26 жылда қол жеткізген жетістігінің ғасырға бергісіз екенін, осының бәрінде Елбасының ерен ерлігі жатқандығын тілге тиек етті.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов:
– «Тәуелсіздік дәуірі» – ел тарихының жылнамасы іспетті. Туындыда тәуелсіз мемлекетіміздің даму кезеңдері, 26 жылдық жүріп өткен жолының, ішкі-сыртқы сын-қатерлері мен тарихи маңызды белестерінің реті дәл келтірілген. Қазақ жеріндегі жаңғырудың үш кезеңін қайта бастан кешкендей күйге енесің, –деген ойымен бөлісті.  
Шараға қатысушылар да өз ойлары мен тілектерін ортаға салды. Салтанатты шара жаңа кітапты қолға ұстап, оны тарихқа тағылым, болашаққа бағдаршам етейік деген тұжырыммен қорытындыланды.

Алма ЕСЕНБАЕВА.