Өнері бірдің өзегі бір

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1865
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

 Дәулеті тасқан даланы кезген түркі жұртының өнер керуені Талдықорған қаласына келді. Жер жаннатының төрінде ән әуелеп, күмбір күй төгілді. Түбі мен жыры бір елдерді рухани үндестірген құдіретті саз өнері тыңдарман қауымды тәнті етті. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деген орыс ойшылы Потаниннің сөзі тұжырым қазақ елінің өнерге деген құрметін қуаттай түседі. Оған тұңғыш рет өткізіліп отырған халықаралық дәстүрлі музыка фестифалі дәлел.

Қадым заманнан бері түркі халқы қазақ елін ұлттық өнердің ұраншысы санайды. Себебі, дәстүрін дәл біздей дәріптеп, ұлттық аспабын ұлықтаған ел кемде-кем. Оның бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы ән мен күйінің ырғағында жатыр. Бабадан келген асыл қазынаны биікке көтермесек, сүйекке таңба болары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы зор. Мәдениетіміздің мәртебесін көтеріп, ескерусіз қалған ескі естеліктерді еске түсіруде айрықша үлес қосуда. Соның аясында өңірімізде көптеген игі іс жүзеге асып жатыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Рухани жаңғыру негізінде 28 ауқымды жоба ұсынған болатын. Сол ірі жобалардың бірі – халықаралық «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» этнофестивалі.

 Халықаралық фестивальдің мақсаты – түбі бір түркі халықтарының мәдениетін біріктіру, олардың ән-жырын, күйі мен сазын, эпосын жан-жақты насихаттау, сонымен қатар, дәстүрлі музыканың барлық жанрларын, әсіресе кенже қалған, сирек ұшырасатын аспаптарда орындалатын әуендерді қайта жаңғырту. Тіпті, оның Жетісу жерінде өтуінің өзіндік мәні бар. Неге десеңіз, халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан мектебі деп бөлінетіні баршамызға мәлім. Соның ішінде Жетісу мектебі қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған өнер шоғыры саналады. Осы жерде мекен еткен кешегі сүлейлердің саф өнерге қосқан үлесі, бүгінде оған жан бітіріп тұрғандай. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пышан, Дәнеш Рақышевтарды атасақ та жеткілікті.

Айтулы фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысуға әрі түркі мәдениетінің туын жықпай, оның тұтастығын бұзып алмауды ойлаған қонақтардың қуанышында шек болған жоқ. Жеті мемлекеттен елуге тарта өнерпаз аспабын асынып, тас түйін дайындықпен келді. Түркиядан Ирфан Гюрдал, Татарстаннан Расим Фасихов, Өзбекстаннан Равшанжан Юнусов пен «Абосс» ансамблі, Якутиядан Юлияна Кривошапкина, Тывадан Игорь Кошкендей және Қырғызстаннан «Акак» тобы шараның көркін қыздырды. Сондай-ақ, құрылымы күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленетін «Адырна» және «Сазген» этно-фольклорлық ансамбльдері мен «Қобыз сарыны» квартеті де қалыс қалмады. Елімізде дәстүрлі әншілікті жанына серік етіп, оны насихаттаушылардың да қатарынан Алмас Алматов, Күнсұлу Түрікпен, Ерлан Рысқали, Мұхаммедәлі Бекпейісов, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісов, Қазбек Адыкеев, Мақпал Тоқтағанова, Бейбіт Мұсаев, Бақберген Асқарбековтер де өз өнерлерін көрсетті.

 Екі тәулікке созылған фестивальдің алғашқы күнінде студенттер мен жас өнерпаздарға шеберлік сыныбы өткізілді. Онда әр елдің өкілдері ұлттық аспаптарының шығу тарихына тоқталып, құрылысы туралы баяндап берді. Алдымен сөз алған Саха елінен келген хомусшы Юлияна Кривошапкина:

– Якут халқы аса қадір тұтып, қастерлеп ұстайтын аспаптың бірі – хомус. Бұл аспап негізінен ән мен биді сүйемелдеу үшін қолданылады. Халық арасында екі тілшесі бар хомус та кездеседі. Оның дыбысын күшейту үшін шеберлер түтігін қаңылтырдан жасап, оған турбалах хомус және түтікті хомус деп ат қойған, – деді. Көлемі 10 сантиметр болатын аспап үні көрермендерді ерекше күйге бөледі. Юлияна ойнағанда неше түрлі тәсіл қолданды. Тілшені алақанымен жанай ұрып, сұқ саусағымен тілшесін басып қалады. Кейде бас бармағымен қағып, екі не төрт саусағымен түгел шалып ойнайды. Сол және оң қолымен осылайша түрлі әрекет етуімен қатар тілімен, көмейімен әрқилы қимыл жасайды. Әрине, бұлары сырт көзге байқалмайтыны белгілі. Ал көршілес өзбек халқының дойрашысы Равшанжан Юнусов биге жақын екендігін бірден байқатты. Дойраны алақанымен соққылап, екі иығын теңселткенде бейнебір би кешіне тап болғандай болдық. Оның ойнаған әуендері көбінесе ұлттық мейрамдарда орындалады. XXI ғасырға аяқ басса да, дойраны эстрадалық әншілер де қолданатын көрінеді. Себебі, ырғақты әндер қай кезде де тойға тиімді. Тыва елінің талантты жыршысы Игорь Кошкентай көмеймен айтылатын сығыт, қарғыра, хормей секілді халық әндерін орындап берді. Содан соң өзі көтеріп келген бозаншы аспабының құрлысымен таныстырды.

– Бұл жалпы түркі халқының көне сазды аспабы. Бозаншы кішкентай домалақ басты, мойыны ұзындау келеді. Оның бір ерекшелігі, пернелері болмайды. Тек қана төрт қыл ішекті. Жалпы ұзындығы 1 метрден астам. Бозаншыны ысқымен ойнайды. Дауысы боздаған бота дауысына ұқсас келеді, – деді тывалық әнші. Қазақ халқы «Бозаншыдай боздамашы», «Боздап қалғыр бозаншы» деп осы аспаптың сарынына қарап айтса керек. Бұл аспаптың түр-түрі бар болып шықты. Өкінішке қарай, ойнай алатын адамдардың саны өте аз.

 Шеберлік сонында қазақтың жыршылық өнерін Еуропа төріне көтеріп, адамзат мәдениетінің асыл қазынасы ретінде таныстыра білген Алмас Алматов пен түркиялық термеші Ирфан Гюрдал «Көрұғлы» дастанынан үзінді шертті. Дастанның күллі түркі халқына ортақ екенін тілге тиек етіп, аңызға бергісіз туындының айшықты тұстарын әңгімелеп берді.

 Одан әрі фестиваль Тіл сарайында жалғасты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев қатысушылардың айтар ойын, ұсыныстарын тыңдады. Бұл мерекенің өткізілу себебі, бір жағынан, ұлттық, фольклорлық өнердің дамуына ықпал жасау болса, екіншіден, түркі өнерінің дамуына кедергі келтіріп жүрген мәселелерге тоқталу болатын. «Дөңгелек үстелге» жиналған өнерпаздардың ішінде «Акак» комузшылар ансамблінің көркемдік жетекшісі Ирина Сүюрқұлова сөз бастады.

– Қазақ халқының музыка мұрасы аса бай. Мен сіздердің ұлттық өнерге деген құрметтеріңізге қайран қаламын. Сол себепті, қазақ өмірінің тілсіз тамыршысы, Құрманғазы атамыздың «Ақсақ киік», «Балбырауын» күйлерін шәкірттеріме үйретіп қойдым. Бүгінгі гала-концертке сол күйлерді де дайындап келіп отырмыз, – дей келіп, өз елінің ұлттық өнерге жанашырлығын мақтанышпен жеткізді.

 Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнерін асқақтатып жүрген Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейісовтер жыраулық өнердің кенжелеп қалғанын, өсіп келе жатқан ұрпақты өнерге баулу керектігін қаузады. Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серілерден бастау алған халқымыздың Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі Ерлан Рысқали дәстүрлі өнерді әлі де болса жан-жақты зерттеу керектігін айтты.

– Дәстүрлі өнердің жағдайын көтеретін арнайы бағдарламалар өте қажет. Осындай игі шараларды көптеп ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда төл мәдениетіміздің қайнар бұлағы еш уақытта сарқылмайды, – деді Ерлан Рысқалиұлы. Бұл пікірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова да қосылды. Ол:

– Осыған дейін белгісіз болып келген күйшілер мен әншілердің шығармаларын тауып, оны қайта жаңғырту мақсатында көптеген шара ұйымдастырып жатырмыз. Әр университет қабырғасында әншілік кафедра ашылы тиіс деп ойлаймын. Біз сахнада өнер көреткен кезде халықпен бірге ән айтуымыз қажет. Сонда олардың ұлттық өнерге ықыласы ауады. Бүгінгі таңда көптеген халықаралық дәстүрлі әндер сайысын өтікізіп жатырмыз. Алда болатын сынға осында жиылған өнерпаздарды шақырамын, – деп сөзін түйіндеді.

 Айтылған пікірлер мен ұсыныстарды Ақан Жылқышыбайұлы мұқият тыңдап, алдағы уақытта соған сай жұмыстар жүргізілетінін уәде етті.

 Фестивальдің жабылу салтанаты І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Дүбірлі мерекеге арналған концерттің шымылдығын «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі театрланған қойылыммен ашты. Осындай игі бастама көтеріп, оның Жетісу төрінде өтуіне мұрындық болған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ортаға шығып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

– Құрметті өнерсүйер қауым! Елбасы саясатының арқасында түркі халықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үлкен мерекеде бас қосып отыр. Оның жер жаннаты аталған құтты мекенде, облыс орталығында басталғанына қуаныштымын. Түбі бір түркі елінің өнерін қашанда құрметтейміз. Әнмен әлдиленіп, күймен тербеліп қана қоймай, ұлы саз өнерінің тұңғиына терең бойлайтынымызға күмән келтірмеймін, – деді Жақсылық Мұқашұлы. Содан соң фестивальге қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттап, халықаралық «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» этно-фестивалінің символы бейнеленген естелік сыйлықтар тарту етті.

 Рухты әнмен басталған концертте өз еліміздің өнерпаздары мен бауырлас елдердің жарық жұлдыздары ән әуелетіп, күй төкті. Олар домбыра, сырнай, шертер, балама, қылқобыз, тар, кеманша, кавал, хомус, игиль сынды көптеген саз-аспаптарында ойнап, тарихи туындыларды қайта тірілткендей болды. Түркі тілдес елдердің осындай ұлы мұраларынан шыққан әуен жетісулықтарды тебірентіп, өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 Ұлттық өнерді өміршең ететін ел бірлігі екені аян. Бүгінгі думанды мереке соны айқындай түскендей. Киелі сахнаны күмбірлі күйге бөлеген керемет кештің соныңда өнер майталмандары бірлесіп, елдің еркесіне айналған, Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» орындады.

 Өткенге көз жүгіртсек, қаны мен қалыбы бір түркі жұртының тілі, діні, наным-сенімі ғана емес, өнерінде де бір үндестік бар. Ондағы адам жүрегінің пернесін дөп басатын рухани мұралардың орны бөлек. Ән мен күйінің айшықты боямалары естір құлаққа жағымды. Осы фестивальде орындалған әрбір ән күллі түркі халқының тұрмысы мен тарихының келбеті болып көрінді.

Мұхтар КҮМІСБЕК.