Балаларды сергектікке бейімдеуде оқумен қатар бос уақытты тиімді пайдалануды ұйымдастырудың маңызы зор. Ұлттық ойындар мен әртүрлі жарыстарды өткізудің оқу – тәрбие үрдісінде алатын орны ерекше.
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, Біз лагерьге барамыз» – деген өлең жолдарын жаттап өстік. Маусым басталғалы күз-қыс бойы кітаптан бас алмаған бүлдіршіндерге тынығу лагерьлері есігін айқара ашуда. Тәрбиешілер мен мұғалімдер оқушылармен түрлі қызықты жарыстар, ұлттық ойындар ұйымдастырады. Оны ойнату – мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Мысалы, доппен жарысу. Балалар екі командаға бөлінеді. Жарысатын қашықтықтың ұзындығы 10 – 12 метрді құрайды. Саптың алдында тұрған бала қолына доп ұстайды. Мұғалім белгі берісімен доп ұстаған екі ойыншы баскетбол ойынының тәсілімен жүгіріп, допты командасындағы келесі ойыншыға табыстайды. Осылайша, барлық ойыншы допты бір-біріне ұстатып, командалық жеңіске жетуге талпынады. Қай команда жылдамдық таныста, жеңіс соларда.
Екінші бір ойын. Ептілік пен шапшаңдыққа тәрбиелейтін – аяққап киіп жарысу. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Жарысатын қашықтықтың ұзындығы 10 – 12 метр. Мұғалім белгі берісімен сап алдында тұрған екі ойыншы аяқтарына қапты киіп, екі қолымен жоғары жағынан ұстап, алға жүгіріп, жалаушаны тез айналып өтуі керек. Осы ретпен ойын жалғаса береді. Қай топ жалаушаны алғаш болып айналып өтсе, сол топ жеңіске жетеді. Осындай қызықты ойындар мен басқа да шаралар балалардың жазғы демалыстан сергек қайтуына септігін тигізеді.
Б. Бимуханов,
№ 4 орта мектептің денешынықтыру
пәні мұғалімі.
Талдықорған қаласы.