Толғанбай жүрген жол

Уақыты: 03.12.2023
Оқылды: 1546
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алмалы ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінің тұрғыны Толғанбай Өмірбаев жастайынан төгілген тердің дәмін біліп, еңбекпен есейгендердің қатарында. Әкесі Әбілмәжін осы ауылдың даңғайыр диқаны, белгілі сушысы болған. Алты ай жазда тыным көрмей, таң бозынан тұрып қас қарая оралатын әкесінің ауыр тірлігіне шағынып жүргенін естімепті.

Осындай еңбекқор әке тағылымын тал бойына сіңіріп өскен жеткіншектің Абайдан сегізжылдықты, Қойлықтан орта мектепті бітіріп, 18-ге толғанша әпке-жездесінің қолында қой бақты. Жұмысқа атүсті қарамайтын тиянақты бозбаланың бақытын еңбектен табатынын үлкендердің сол кезде-ақ бағамдағаны анық.

Екі жыл әскери борышын өтеп ауылға атпал азамат болып оралған Толғанбай Қойлықтағы кешкі мектептен тракторшы, автокөлік жүргізушісі мамандығын алып шығады да жұмыс қолын қажетсініп отырған туған ауылының тыныс-тірлігіне белсене араласады. Бұған дейін тек қана жақсы қырынан көрінген азаматқа шаруашылық басшылары сүт таситын машинаның тізгінін сеніп тапсырады. Ол бұл жұмысты  ұжымшар тарағанша атқарды.

Ұжымшар тарап, шаруашылықтар жекешеленген тұста электр жарығын да есептеп беретін заман келді. Сол кезде электр қуатын қадағалайтын қоғамдық жұмысты абыроймен атқарған Толғанбай «Өмірбаев» шаруа қожалығын құрып, жекешелендіру науқанынан қалыс қалмады. Бүгінгі таңда қожалық айналысатын 25 гектар суармалы алқап, 15 гектар тәлімі егістік, оның сыртында жайылым мен шабындық жаны мен малын асырауға молынан жетіп жатыр.

– Зайыбым Роза екеуіміз үш бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкеніміз Жасұлан Сарқанда  күзет бөлімінде қызмет атқарса, қызымыз Арайлым Талдықорғанда балабақша тәрбиешісі. Кенжеміз Еркебұлан ауылдық фельдшерлік пунктте қызмет атқарады, жұмыстан тыс уақытта шаруашылығымыздың бір жағына шығып, жүгімізді жеңілдетеді, – дейді отағасы.

Толғанбай Өмірбаевтың ұрпағына қалдыратын мұрасы – еңбекке деген сүйіспеншілік. Ол сонысымен құнды, сонысымен болашаққа ізін жалғайды.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ.
Сарқан ауданы.