ПРЕЗИДЕНТТІҢ БИЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫНДА ШАРУАЛАРДЫ ҚУАНТАТЫН БІРНЕШЕ БАСТАМА БАР

Уақыты: 08.10.2022
Оқылды: 1343
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын оқып шықтым. Жолдау таяу болашақта еліміздегі саяси реформаларға және әлеуметтік-экономикалық шараларды жүзеге асыруға негізделген. Бұл қай бағытта дамып, халықтың әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жетістіктерге қалай жетуге болатынын айқындайтын ресми құжат.

Жолдауда ел экономикасын жоғарылатудың түйткілді мәселелері терең зерттеліп, еліміздің жаһандық бәсекеге қаблеттілігін қамтамасыз ететін жаңа саяси, әлеуметтік, экономикалық дамудың негізгі бағыттары аталды. Сонымен қатар жүйеленген экономикалық өсімнің жаңа жолдарын жасау шаралары жан-жақты айтылды.

Әсіресе, аграрлық сала еңбеккерлерінің көптен қаперінде жүрген мәселе көпшіліктің көкейінен шықты деп ойлаймын. Мысалы, өнім өндіруші ауыл шаруашылық кәсіпкерлеріне тиесілі жер беру мәселесін жедел шешу, табиғи су көздерін пайдаланудың тиімді технологияларын тауып, оны үнемдеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру және мемлекеттік сатып алу тәртібін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы біздің көптен бергі айтып, жоғарыға жазып жүрген ұсыныстарымыздың үстінен түскендей болды. Президентің Үкімет алдына қойған талабы өте орынды шара.

Қазір әр шаруа қолының қолайына жаққан дақылдарды өсіруді әдетіне айналдырғаны рас. Жергілікті жердегі ауыл шаруашылығын дамытудың жобасы мен жоспары жасалмайды. Соның салдарынан бір өңірде мал азығы тапшы, енді бірінде егіншілік саласы тұралап қалған немесе азық-түлік бағасы әрқилы.

Сол сияқты стратегиялық маңызы бар өнім өндіретін шаруаларға төленетін субсидиялардың жол-жөнекей талан-таражға түспей, иесіне бүтін жетуін қамтамасыз ететін тетіктерді қарастыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы да орынды талап.

Жолдауда ауыл шаруасын қуанышқа бөлейтін басқа да маңызды мәселелердің орнын тапқанына ризамыз. Әсіресе, Президенттің ауыл шаруашылық құрылымдарын ірілендіру жөніндегі ұсынысы дала өндірісі өнімдерінің берекесін арттырып, еліміздегі азық-түлік бағасын төмендетуге негіз боларына сенімдіміз.

Біз өткен жылы «Олжас» шаруа қожалығы мен «Ернар – Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін біріктіріп, «OT – Agroholding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Биыл холдингке тиесілі Панфилов ауданы мен Кербұлақ ауданының жеріне 1200 гектар жүгері, 550 гектар бидай, 24 гектар арпа, 170 гектар картоп, 93 гектар жоңышқа, 12 гектар бақ өсірдік. Сонымен қатар, біріккен серіктестік меншігінде 890 жылқы, 750 америкалық «Герофорд» және Қазақтың ақбас сиыры бар. Бірқатар техникамызды жаңалап, күзгі егін жинау науқанына 2 «Джон Дир» комбайны, 4 «Джон Дир» тракторы, 2 «Кейс» тракторы және 2 «WTO» маркалы тракторы дайын тұр.

Жолдауда егін егу мен жинау науқандарын сапалы жүргізу мәселелеріне назар аударылды. Біздің ауданда жыл сайын 44,5 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылық дақылдары өсіріліп, одан 175 мың тоннадан астам өнім жиналып жүр. Шаруалардың басым көпшілігі жүгері өсірумен шұғылданады. Биыл жазиралы Жаркент өңірінде 26 мың гектардан астам алқапқа өсірілген «дала аруының» өнімі жиналмақ. Қазір жаркенттік шаруалар жүгері жинау науқанын бастап та кетті.

Тасқын ЖАПАРҚҰЛ,

«Ернар» ЖШҚ төрағасы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері