ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 04.12.2017
Оқылды: 1459
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне орай Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Онда аталған саланың өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген бір топ еңбек озаттары марапатталып, барынша сый-құрмет көрсетілді. 

Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен алдыңғы қатарлы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Бұдан соң телекөрсетілім арқылы аталған сала бойынша Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатқан шаруа жайы көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Бейнефильмде өңір экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болғандықтан жетекші саланың әрдайым басты назарда екендігі, сондай-ақ аграрлы аймақта егін егіп, төрт түлікті көбейтуде, жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, өндірілген өнімдерді қайта өңдеуде, сондай-ақ, қызылша өсіріп, қант шығаруда қол жеткізілген тың табыстар мен тындырымды тірліктердің аз еместігі паш етілді. Байқағанымыздай, биыл да ауыл еңбеккерлері өнім берекелілігін арттырып, табыстың тайқазанын тасытуда бар күш-жігерлерін жұмсап, маңдай терлетіпті. 
Келесі кезекте Амандық Ғаббасұлы сөз алып, ауылшаруашылығы саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтіп, тың жетістіктер мен табыстарды саралады. Мәселен, мемлекеттік қолдаулардың арқасында сала көрсеткішінің жоғарылап, халық жағдайының жақсарып келе жатқанын, өндіріске озық технологиялар енгізіліп, егістіктерде тамшылатып суару әдісінің кеңінен қолданыла бастағанын, егін шаруашылығы бойынша басым дақылдарға арналған алқап көлемінің ұлғайып, бақты интенсивті жолмен өсірудің жандана түскенін, суармалы алқап көлемінің арттырылып, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге қомақты қаражат қарастырылып жатқанын назарға алды. Сондай-ақ, мал шаруашылығының өркендеп, төрт түліктің көбейгенін де тілге тиек етті. Осындай еселі еңбекті еңсеруге ауылдықтардың қосып отырған үлестерінің зор екендігін атап өтіп, оларға алғыс айтты. 
Мерекелік жиын соңында бір топ еңбек озаттарына Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар да аз болған жоқ. Облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын алғандар да қуанышқа кенелді. Биылғы ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуде Қарасай, Талғар, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласы, ал ауылдық округтер бойынша Көксу ауданының Балпық би ауылдық округі, Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылдық округі, Райымбек ауданының Алғабас ауылдық округі, Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылдық округі, Кербұлақ ауданының Жайнақ батыр ауылдық округі жеңімпаздар қатарынан табылды.
Ауылшаруашылығы өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары арасында Текелі қаласындағы «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты», Балқаш ауданындағы «Агрофирма «Бірлік» ЖШС, Талғардағы «Южный» ЖШС үздік атанып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. 
«Үздік ауылшаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша алакөлдік «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС мен Ескелді ауданындағы «Дүйсенбинов А.К.» шаруа қожалығына «Нива» автокөлігі берілді. Осы екі аталым бойынша Ұйғыр ауданындағы «Тасқарасу» ЖШС, Ақсу ауданындағы «Баққон» АШК, ілелік «Сабырбаев М» ШҚ мен қараталдық «Нұр» ШҚ 400-600 мың теңгенің сертификатына қол жеткізіп, сый-құрметке бөленді. Мереке соңы концертке ұласты.

Айгүл Байбосынова.