ӨРКЕНДІ ЖОБАНЫҢ ӨРІСІ КЕҢ

Уақыты: 02.08.2016
Оқылды: 1634
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жетісу Инвест–2016» халықаралық инвес­ти­ция­лық форумының қорытындысы бойынша «Алматы об­лысының инвестициялық жобалар жол картасы» бекі­тіліп, аталған жобалар ағымдағы жылдың 1 шілдесінде ке­зекті өңірлік үйлестіру кеңесінде инвестициялық жо­балар ретінде танылған болатын.

Бұл қатарға Сарқан ауданы бойынша «LOYALMATY GROUP» ЖШС-нің құны 5 млрд. теңгеге бағаланған ауыл­ша­руашылық өнімдерін және азық-түлік өнімдерін өндіру мақ­сатында агроөнеркәсіптік кәсіпорын салу, «Ақтоғай ресай­клинг» ЖШС-нің Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының өнер­кәсіптік алаңдарынан және вахталық қалашықтардан өнім қалдықтарын шығару және қайта өңдеу,  «Энергомост» кон­сорциумының құны 2,2 млрд. теңгеге бағаланған  қуаттылығы 4,3 МВт Жоғарғы Басқан 1 су электрстансы­сы­ның құрылысы, «Умэкс БС» ЖШС-нің құны 1,3 млрд. теңгеге бағаланған мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы бойынша сүт-тауарлы фермасын құру жобалары енген болатын.

 Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында осындай жарқын жобалардың тұсауы кесілді. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жұмыс орнын ашуда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда  инвесторларды ауданға тартудың берері мол екендігін  жиналғандардың назарына салды. Алғашқы сөз кезегін алған  “Алматы облысын дамытудың аймақтық орталығы” ЖШС-нің бөлім басшысы Алуа Оразбаева Сарқан ауданында өркенді іс бастауға белсеніп отырған “Loyalmaty group” ЖШС, “Ақтоғай ресайклинг” ЖШС, “Умэкс БС” ЖШС құрылымдарының алға қойған міндет-мақсатын ортаға салды. Өз кезегінде “Loyalmaty group” ЖШС-нің жоба жетекшісі        А. Ким жайылымдық жер алып, ауылшаруашылығы өнімдері және азық-түлік өндірісімен шұғылданатын агроөнеркәсіп кәсіпорнының жоспарымен таныстырды. Бұл жоба жүзеге асса Лепсі төңірегіндегі ауылдар үшін жұмыс орны ашылып, жұртшылықтың әлеуметтік деңгейі көтерілетіні сөзсіз. Ал Ақтоғай кен байыту комбинатының қалдықтарын қайта өңдеуден өткізуді жобалап отырған  “Ақтоғай ресайклинг” ЖШС-нің жетекшісі Н. Рахимановтың алдағы жоспарлары ауқымды. Бұл – қатты қалдықтарды қайта өңдеп,  қажетке жаратудың өркениетті елдердегі үлгі-нұсқаларының біздің өңірлерде де жүзеге асуының айғағы.

“Умэкс БС” ЖШС-нің өкілі Қ. Блискельдинов мемлекеттік жекеменшік әріптестігінің жобасын ұсынып отыр. Кәсіпкер жігіттің сүт-тауарлы фермасын қалыптастыру жолындағы талпынысы нәтижесінде ауданның ауылшаруашылығы құрылымдарының сапасын нығайтуға негіз қаланатын болады.