«Даму-Көмек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек кәсіпкерлерге көмек көрсетеді. Бұл жоба олардың бизнеспен айналысып, дамытуына мүмкіндік береді.
Мәселен Оксана Понамарева, Сұлуай Құлбаева, Анжела Далбаева, Арай Бейсенбинова, Камшат Ақмұрзаева, Айнұр Оспанова және Ерлан Мамырбаев деген азаматтар өздерінің мүмкіндіктерінің шектеулілігіне қарамастан тігін тігу ісімен айналысуды ұнатады. Олардың еңбек етуге деген құштарлығы тұрақты табыс кіргізіп, отбасыларын асырауларына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Осындай қайсарлықтарымен өздерін материалдық тұрғыдан қамтып, жұмыс істеуге қауқарлы екендіктерін дәлелдеп келеді.
Жақында оларға «Даму» қорының қызметкерлері демеушілер атынан көпсалалы жеті тігін машинасын тарту етті. «Жақсылық жасап, қол ұшын созған адамдарға деген алғысымыз шексіз», – дейді тігін машинасына қол жеткізген мүмкіндігі шектеулі жандар өз ризашылықтарын жасыра алмай. Айта кетейік, жақсы істің жаршысы болып, демеу көрсетіп отырған «Алель Агро» акционерлік қоғамы облыстағы табысты компаниялардың бірі ретінде танымал. Бүгінде олар өз бизнестерін жан-жақты дамытып, экономиканың өсуіне дем беріп келеді.
Негізінен бұл қоғам құс шаруашылығымен айналысады. Аталған саланың дамуына ықпал етіп отырған компания тұқымы асыл құстан жұмыртқа алып, халық тұтынатын құс етін өндіреді. Құрамында төрт бройлерлік құс фабрикасы және ет өңдеу зауыты мен инкубаторы бар. Айта кетейік, бүгінде демеушілер облыста «Даму-Көмек» жобасы аясында 150-ден аса мүгедек кәсіпкерге көмек көрсетті.