Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұраттың қатысуымен брифинг өтті. Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстары алға тартылды.
Ұлт жоспарының «Индустриаландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бағыты бойынша жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – инвестиция тарту. Соған орай облысымызда бүгінгі күні Өңірлік инвесторлар кеңесі құрылып, жүйелі жұмыс істеп келеді. 2016 жылдың 10 маусымында «Жетісу Инвест 2016» инвестициялық форумы өтіп, оған 400-ден астам іскер топ өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша әкімдік пен компаниялар арасында жалпы сомасы 902,05 миллион долларға бағаланған 26 меморандумға қол қойылды. Іле ауданында жылына 100 мың тонна қуаттылығымен жағармай өндірісі бойынша «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Центральная Азия» зауыт құрылысы, «HOME MART» ЖШС сауда-ойын орталығын кеңейту, Сарыөзек бекетінде «СП Казатомпром – Helios Strategiа» компаниясы 50 МВт. қуаттылығымен күн паркінің құрылысы және өзге де жобалар қолға алынды.
– 55-қадамда өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тарту туралы нақты тапсырма берілген. Соған орай «Қазақстан – 2030» Стратегиясында Елбасы: «Қазақстанның шетел капиталынсыз, технологиясынсыз және тәжірибесінсіз жедел экономикалық өрлеу мен жаңартуға қалай қол жеткізетінін көз алдымызға келтіру қиын», – деген болатын. Сол кезде «инвестиция бойынша мемлекеттік комитет, шетелдік инвесторлар кеңесі құрылып, ірі инвесторлар тартылған еді. Соның ықпалымен облыс аумағында брендтік өнім шығаратын «Coca-Cola», «Danone», JTI, «Knauf», «Efes» сияқты белгілі компаниялар жұмыс істеуде» – деген Маржан Мұратқызы шетелдің қатысуымен облыс аумағында 8 ірі инвестициялық жоба жоспарлануда және оны жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар және инвесторлар тарапынан белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
«100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік сыйлады. Атап айтар болсақ, рұқсат беру құжаттары қысқартылды, индустриялық аймақтарда жер учаскелерін беру рәсімдері жеңілдетілді және инженерлік инфрақұрылымды дайындау қолға алынды. Бұл дегеніміз еліміз болашағының жарқын боларының кепілі және өзге мемлекеттермен бәсекеге қабілетті екендігіміздің көрінісі.
Мәулен Әнербай.