ІРІ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Уақыты: 16.02.2024
Оқылды: 522
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елімізде соңғы жылдары «жасыл» энергетиканы дамытуға басымдық берілуде. Ол қоршаған ортаға зиян келтірмей энергия өндірудің төте жолы. Осы бағытта елімізде атқарылған жұмыс ауқымды. Жыл сайын әр өңірде стансы салынып, электр қуатын өндіруді ілгерілету жайы үздіксіз дамып келеді. Бұл болашақта еліміздегі энергия тапшылығын жояды. Дәл осы жұмыс  Жетісу өңірінде де жүйелі жүзеге асуда. Оған  облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асыруға ниетті инвестор компаниялардың өкілдерімен кездесуі дәлел. 


Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Жетісу облысындағы жел электр стансысының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Қуаты 1 ГВт жел электр стансысы Жоңғар қақпасында салынады деп жоспарланған. Бұл аталған саладағы жаңа мүмкіндіктерді арттырары сөзсіз. 

2023 жылы өңірде электр энергиясын тұтыну 218 МВт құрады. Оның ішінде ЖЭК үлесі – 93,5 МВт немесе қолда бар қуаттың шамамен 43%-ы. 

Кездесуде облыс басшысы «Жасыл» энергетика үшін өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен қоса су, жел және күн энергиясы жағынан әлеуеті зор екенін айтты. Сонымен қатар, инвесторлар үшін де барлық жағдай қарастырылғанын жеткізді. 

– Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ACWA POWER» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесіп, келісімге, жол картасына қол қойды. Біз өз тарапымыздан Алакөл ауданы әкімдігінің қаулысымен жер учаскесін белгілеп, тиісті жұмысты атқардық. Бұл өте ауқымды әрі жауапты жоба болғандықтан сіздердің компанияның мамандары сол аймаққа барып, белгіленген жер учаскелерін зерттеп, зерделеуі тиіс. Жел турбиналары мен қажетті жабдықтардың қалай, қайда орнатылатынын нақты анықтап, жемісті жұмыс жүргізуге жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл жобаға аса мұқият көңіл бөлуіміз қажет, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев. 

 «ACWA POWER» компаниясының ТМД-дағы бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Джай Пракаш ұсынысты қуана қабыл алып, алдағы жұмыс жоспарын жер таңдау мәселесінен бастайтынын айтты. Бұл жұмыстар ауа райына байланысты көктем мезгіліне жоспарланды.

Кездесуге қатысушылар өңірдің экономикасына 883 миллиард теңгеден астам инвестиция салынатын осы іргелі жобаны іске асыру жұмыстарын талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан заңды түрде қажетті қолдау көрсетілетінін айтқан аймақ басшысы үкіметтік деңгейдегі жобаны іске асыру процесін жеделдету қажеттігін айтып, жиынды қорытындылады.

Еңлік КЕНЕБАЙ