АҚШАНЫ БАСҚАРА БІЛЕЙІК

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 385
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Психологтар: «ақша өзін басқарған адамды жақсы көреді» деп айтады. Алайда біз «табысымды басқара аламын ба?» деген сұрақ төңірегінде ойланбаймыз. Үнемі «ақша қолдың кірі» деп сылтауратып, айлық алған күннің ертесінде-ақ тиын санап қаламыз. Бұл – біздің қаржылық сауаттылығымыздың төмендігі. Мұны мойындауымыз қажет. 


Қаржыны дұрыс игеруді бала кезден жақсы меңгерсек, қаржылық қиындыққа душар болмаймыз. Біз «ойын баласы ойыны қансын» деп арқаны кеңге салып жүргенде әлем бұл іске білек сыбанып тым ерте кірісіп кетті. Мәселен, дамыған елдер бала былдырлап тілі шыға бастағанда-ақ оған ақшаны таныстырып, экономикалық тұрғыдан ерте сауатын ашады. Қаржылық сауаттылықты бала жастан санасына сіңіру керектігін ескеріп, мектеп қабырғасына арнайы пән ретінде қосқан. Мысалы, Ұлыбританияда 2014 жылдан бері қаржылық сауаттылық негіздері бастауыш мектептерде міндетті пәндердің тізіміне енген. Ал Германияда мектеп жасына дейінгі 4-6 жастағы балаларға аптасына 0,5 евро (теңгеге шаққанда 2460 теңге) қалталық ақша ретінде беріліп отыруы тиіс. Швецияда 6-7 жастағы балалардың апталық қалта ақшасы 20-45 крон. Бұл теңгемен шамамен 2 мыңға жуық. Сингапурде банктер балалармен 5 жастан бастап жұмыс істеуді бастайды. Қазірде бұл елдер әлемдік қаржылық сауаттылық индексі бойынша алдыңғы орынға жайғасқан. Міне, қаржылық сауаттылықты ерте бастан қамдаған елдің көрсеткіші осы. Сондықтан да бізге де осындай жемісті жұмыс жүргізу керек.

Өзгелер істеген әр дүниені іс жүзінде жақсы білеміз. Алайда тәжірибеге келгенде осалдық танытамыз. Басқа ата-ана ұл-қызының берген ақшаны қандай мақсатта жаратқанын бақылайды. Бала ақшаны ұстауды, қолдануды ерте жастан үйреніп, өз қаражатын тиімді пайдалануға машықтанады. Ал біз ше? Балаға ақша ұстатамыз да  оны қалай және қайда жұмсап жатқанын сұрамаймыз. «Не алды? Ол денсаулыққа пайдалы ма?» деп баланың жеп жүрген асына да терең мән бермейміз. Тым бейқамбыз. Әсіресе, мұндай кемшілік қазақ отбасында көптеп кездесетіні алаңдатады. Өкінішті.

Заманның көшіне ілесу үшін ең алдымен сол заманның өмір сүру дағдысын игеру керек деп ойлаймын. Қазір ақпарат пен жаңа технологияның тым қарыштап дамыған заманы. Демек, біз күніне емес, сағат сайын ақпараттанып отыруымыз қажет. Медиа, заң, дін, сән, тағы да басқа саланың өз сауаттылығы мен тәртібі, жүйесі болатын сияқты ақшаның да сауаттылығын ескеру өте маңызды. 

Ғалымдар қаржылық сауаттылықты қалыптастыру үшін ең қолайлы уақыт 5-6 жас аралығы екенін дәлелдеген. Дәл осы жастағы баланың психологиялық сипаттамасы және ерекшелігі тым басқа. Сондықтан осы шақта қаржылық сауаттылыққа көп көңіл бөлген жөн. Қарапайым ғана дидактикалық ойындар ойнату,  көркем-эстетикалық шығармалар оқып беру, мультфильмдер көрсету арқылы да баламен жұмыс істеуге болады. Тіпті болмаса, дүкенге алып барып қолына санап теңгесін беріп, сауда жасатып, қанша теңге жаратқанын талқылау да жақсы нәтиже береді. Бірақ ол үшін бірінші ата-ана да барынша сауатты болғаны абзал. 

Мектеп жасына дейінгі балалардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру – бұл қолына ақша ұстата салып, қалағаныңды ал деу емес. Керісінше, дүкен сөресіндегі заттың оған қаншалықты керек екендігіне көз жеткізуге үйрету. Қызыл-жасыл болып көз жауын алатын  зиянсыз затты үйіп-төгіп алу, ананы бір, мынаны бір әпер деп жылауды тоқтатудың төте жолы. Ақшаның қайдан келетінін, оны үнемдеу жолдарын, тауар құнын, алыс-беріс, сауда-саттық сынды ең қажетті ақпараттардан хабардар болу – баланың тұлғалық қасиетінің қалыптасуына негіз болады. Қаржылық сауаты бар бала ата-анасына түсіністікпен қарайды, ақшаның құнын біліп өседі. Қажеттілігін керегінше жоспарлап, дұрыс шешім қабылдауға бейімделеді. Болашақта қанша қаражат керектігін есептеп, оны табу жолдарын іздейді. Ақшаның бала дамуына кері әсерін тигізуіне, оның рухани дүниесін бүлдіруіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан да өзіміз де, кейінгі ұрпағымыз да сауатты болсын десек, көп оқып, ізденіп содан нәтиже шығаруға асығайық. Ақша адамды басқарса адам азып, қоғам бұзылатынын ұмытпайық. 

Ботагөз  НИЯЗХАНОВА,
ЖУ-дің студенті