ТҮЛІК ТӨЛДЕН ӨСЕДІ

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 245
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктем келіп, кең алқаптар түрлене түсті. Дала төсі дүбірге бөленіп, қорада шу басталды.


Жер бусанып, жылылықтың лебі еседі. Қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күндеріне жеткен төрт түлік көбейіп, берекені тасытуда. Осылайша қыстақтарда мал төлдету науқаны қызып жатыр. «Қой қоздап, қорада шу» деген осы. Көп ұзамай асыр салған қозы-лақ, бұзау, құлын кең далаға сән беріп, ойнақтайтын болады. Мал төлдету науқанына күреңбелдіктер де атсалысуда.

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың берген мәліметіне жүгінсек, өңірде жалпы 226 мал қыстауы бар десек, оның бәрі су ішетін тоғандар және құдықтармен толық қамтылған. Қыстау мен мал төлдеу науқаны аяқталғанға дейін төрт түлікке қажет жемшөп қоры жеткілікті. Яғни, жер көгеріп, күн жылығанша мал азығынан еш тапшылық болмайды. Қазіргі таңда мал төлдету науқаны бақылауға алынып, шаруашылықтармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, өңірде бүгінге дейін 122 149 қойешкі төлдеп, олардан 11 989 қозы-лақ алынды. Барлығы 22 316 ірі қараның аналығынан 2 900 бұзау, 10 126 бас жылқыдан 10 құлын өрді. Бір сөзбен айқанда, ауданда көктемгі науқандық жұмыстың бәрі ойдағыдай орындалуда.

Айгүл ЫБЫРАЙ
Кербұлақ ауданы