ЖЕРІ БАЙ, ӨЛКЕСІ ӨРКЕНДІ

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1309
Бөлім: ЭКОНОМИКА

  Қаңтар айының соңғы күні Ақсу ауданының әкімі Есім БАЗАРХАНОВ аудан тұрғындары алдында есеп берді. Молықбай атындағы аудандық Мәдениет үйіне жиналған көпшілік әкім баяндамасын тыңдап, ұсыныс-пікірін айтып, келешекте ел игілігіне асырылуға тиісті жоспарларын ортаға салды. Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серікжан БЕСКЕМПІРОВ қатысып, жұртшылыққа облыстың даму көрсеткіші жайлы баяндап, өңір экономикасының дамуына оң баға берді.

 

Есім Сейілханұлы алдын ала дайындалған бет-бет бағдарламаны бастан-аяқ баяндап шықпай-ақ атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар ретін көпшілікке қазақтың бай тілімен байыптап жеткізді. 

Аудан әкімі сөз басын өткен жылғы есепті кездесудегі тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстардың орындалу барысынан бастады. Сол қатарда ауызсу, жолдарды, білім мекемелерін күрделі жөндеу, абаттандыру, тағы да басқа жайттардың тиянақты орындалғанын сан цифрмен нақтылады. Сондай-ақ, ауылшаруашылғы, ветеринария, жерді пайдалану, өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, автомобиль жолдары, ауызсу, абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, салық және басқа да төлемдердің орындалуы, жұмыспен қамту, туризм, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларындағы жетістіктер мен алдағы өзекті міндеттерді де егжей-тегжейлі баяндады. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, өткен жылы ауылшаруашылығы бойынша 30 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, 2020 гектар қант қызылшасы алқабынан 72 мың тонна тәтті түбір жиналған. Осы жылы алқап аумағын 2850 гектарға өсіріп, 101 мың тонна қызылша жинамақшы. Мал басы артып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кең арна ашылған. Осы бағытта 9 кооператив құрылып, Елбасы тапсырмасының орындалуына екпін беруде. Былтыр ауданда пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмысы батыл қолға алынып, анықталған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жалғасып жатыр. Бұл да өз кезегінде жерсіз жүрген жерлестердің  көп қиындығын шешіп тастауға жасалған батыл қадам болары анық. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 8 млрд. 640 млн. теңгені құраса, биыл оны тағы да 1 млрд. теңгеге еселеу жоспарланған. Былтыр 9 млрд. 928 млн. теңге инвестиция тартылып, Ақсу өңіріне қаржыгерлердің қызыға бастағанын көрсетті. Осы жылы Алтынарық ауылынан «Panel Sistem.kz» компаниясы мал бордақылау және ет өңдеу кешенінің құрылысын бастады. Бір жылдық еңбектің нәтижесінде ауызсу жүйесін орталықтандыру көрсеткіші 77,5 пайызға жеткен. Демек, қай саланы сөз етсең сол саладан үлкен жетістікті көруге болады.

Алдағы міндеттер де ауқымды. Соның ішінде ақсулықтардың тіршілігіне қан жүгірткен қант қызылшасының өнімділігін арттыру басты орынға шығады. Ол үшін сервистік дайындау орталығының мүмкіндігін жетілдіру керек. Осы мақсатта өткен жылы 3 орталық ашылып, ұзын саны 5-ке жеткенмен қажеттіліктен шыға алмай келеді. Бұл туралы жарыссөзге шыққан Барлыбек Сырттанов ауылдық округіндегі «Дарина» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Баймұханов айтып қалды. Ол өткен жылы 15 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, 675 тонна өнім жинап, 12 млн. теңге таза пайдаға кенеліпті. Алдағы уақытта егіс көлемін арттыра түспек. Алайда заманауи техникаға деген мұқтаждық басым. Сондықтан аудан әкімі Есім Базарханов кездесуге келген Серікжан Исламұлына тағы да қосымша 2 сервистік орталық ашылса деген өтінішін облыс әкіміне жеткізіп, шешілуіне ықпал етуін сұрады. Ал аудан жастарының атынан жарыссөзге шыққан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әсел Сәдуақасова орталық саябақты абаттандыру керектігін алға тартты. 

 Аудан әкімінен білгеніміздей, өткен жылы орталық саябақты абаттандырудың жобалық-сметалық құжаты жасалыпты. Биыл балалар алаңын салу және Жансүгіров кентіндегі  арық жүйелерін реттеуді қолға алмақ. Аудандағы ардагерлердің де көптен бері көтеріп жүрген мәселесі осы. Оның үстіне биыл қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық торқалы тойы. Әрине, бұл ақсулықтарға ғана емес, жетісулықтарға да сын. Мерейтойды мерейлі өткізу үшін облыстық бюджеттен 47 млн. теңге бөлініпті. Бірақ той иесі ақсулықтар болғандықтан ауырлық тағы да соларға түседі. Оның да жоспар-жобасы нақтыланыпты. Осыған орай қыркүйек айында ақындар мүшәйрасы, сазгерлер байқауы, ақынның туған жері Ойтоған ауылында «Ауыл тойы» ұйымдастырылмақ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, оған да осы бастан дайындалған жөн

Қажет АНДАС