ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ЕСЕПТЕУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРТІЛЕДІ

Уақыты: 21.02.2019
Оқылды: 1857
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Самұрық-Энерго» АҚ электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі жаңғырту жөніндегі жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жүйе пилоттық режимде Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1-ге енгізіледі. Содан кейін оны қазақстандық электр энергетикалық холдингінің басқа компанияларында, «Алматы Электр Станциялары» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС, «Шардара ГЭС» АҚ, «Мойнақ ГЭС» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС, «Samruk-Green Energy» ЖШС-да қолдану көзделген.

Электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі – бұл өндірілген, берілген, бөліп-таратылған және тұтынылған электр энергиясы мен қуатының саны туралы шынайы ақпарат алуды қамтитын технологиялық шешім. ЭКЕАЖ есепті автоматтандыруға, оның неғұрлым дәлдігіне қол жеткізуге, энергия үнемдеу және энергетикалық тиімділікті арттыру жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу мен түзетуге қажет талдамалық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, ЭКЕАЖ «Самұрық-Энергоның» бірқатар компаниясында ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келеді. Мәселен, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да ол 2013 жылдан бері жұмыс істеуде.

Жүйені түбегейлі жаңғырту оның технологиялық сенімділігін сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтереді және функционалдық мүмкіндігін кеңейтеді. «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Цифрландыру Офисі» мамандарының сөзінше, электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін жаңғырту жеткізіп берушілер мен тұтынушылар арасындағы өзара есеп айырысудың дәлдігі мен ашықтығын арттырып, энергияның үнемделуіне септігін тигізбек. Ал оның бас компанияның платформасында орталықтандырылуы мәселелердің кең ауқымын жедел шешуге – электр энергиясын өндіруді онлайн-мониторингілеу және бақылаудан бастап, кәсіпорынның техникалық-экономикалық көрсеткішін анықтауға дейін мүмкіндік береді.

«Самұрық-Энерго» АҚҚазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға тиесілі. 2007 жылы құрылған. Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру, электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату, энергетикалық көмір өндіру. Холдинг құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О. Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ, тағы басқалары кіреді.

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисі