ТЕХНИКА ЖАҢАЛАНУЫ ТИІС

Уақыты: 26.02.2019
Оқылды: 1196
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2017–2021 жылдары ҚР Агроөндіріс кешенін (АӨК) дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын қабылдау нәтижесінде ауылшаруашылығы техникасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, технологиялық әлеуетін жаңғыртуға болады. Ауылшаруашылығы өндірісін одан әрі техникалық қайта жарақтандырмай, өндірістік жұмысты кешенді механикаландыруды жүзеге асырмай еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес. 

 

Соңғы жылдары АӨК-ге ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізіп беру  қарқыны айтарлықтай бәсеңдеп, ауылшаруашылығы өндірісінің энергиялық жарақтануы төмендеді.  Алматы облысында машина-трактор паркінің (МТП) 87% тозығы жетсе, 90% астам техника ескірген. Осының салдарынан өсірілген өнім дер кезінде жиналмайды. Ауылшаруашылығын механикаландыру деңгейі дамыған елдермен салыс- тырғанда өте төмен. АӨК негізінде импорттық техникамен жабдықталуда. Облыс фермер шаруашылықтарын (ФШ) топтастырып, талдаудың нәтижесі егістікке ие болған 35339 ФШ бар екенін көрсетті. Егістік алқап бойынша ФШ саны 50 гектарға дейін 91%, 51-ден 200 гектарға дейін 6,9%, 201-ден 500 гектарға дейін 1,4%, 501-ден 1000 гектарға дейін 0,3%. Барлық ФШ-на келетін егіс алқабының үлесі 75%-ды құрайды. Ал ауылшаруашылығы тауар өндірушілерге келетін үлесі 22%-ға тең. Демек, облыста егіс алқабы 50 гектарға дейінгі 91% және 200 гектарға дейінгі 98% болған шағын ФШ саны басым. 

2008–2017 жылдары облыстың АӨК-нің техникалық әлеуеті айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Трактор 16408-ден 12172-ге, астық комбайны 1488-ден 1440-қа, сепкіш 2460-тан 2398-ге дейін азайды. Егіс комплексі 16-дан 29-ға, астық орғыш 184-тен 211-ге артты. 2018 жылы МТП-нің құрамында трактор 12172 дана болды, соның ішінде доңғалақтысы 10497 дана (86,2%).

Бұл тракторлардың орташа жасы 20 жылдан асқан. Астық комбайны 1440 дана болып, оның ішінде басым бөлігі Ресей өндірісінің «Енисей-1200» комбайны 573 дана  (40,5%), СК-5А «Нива» 486 дана (33,8%), «Дон-1500» және «Вектор-410kz» 134 дана (9,3%). Қазақстанда жасалған КЗС-740 «Есіл» астық жинайтын комбайн 56 дана (3,8%). Алыс шетел комбайны 191 дана (13,3%). 

МТП талдау трактор, астық жинайтын комбайн, егіс комплексі және басқа да машина түрінің көп маркалығын көрсетті. Бұл олардың сервисін ұйымдастыруда, қосалқы бөлшек, жағар-жанармаймен қамтамасыз етуде, механизатор даярлауда, тағы басқа да мәселелер де қиындыққа ұшыратуда. Техника импорты мемлекет тарапынан тиісті техникалық және технологиялық бақылаусыз, топырақ-климаттық және жергілікті өндіріс жағдайына бейімделмей жүзеге асырылуда. МТП-нің құрылымы және техникалық деңгейі АӨК қажеттілігіне сәйкес келмейді. Осындай техникалық арсеналмен ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес. 
АӨК ауылшаруашылығы техникасымен жеткіліксіз түрде қамтамасыз етілген. Машина паркінің тозуы өнімнің ысырап болуына, ауылшаруашылығы дақылын өсіру, егін жинау, сақтау, тағы басқа мәселелер де технологиялық операцияның уақытылы орындалмауына немесе сапасының нашарлауына әкеп соғуда.   
Шаруашылықтағы негізгі фондтардың едәуір бөлігі өз ресурстарын өтеп болғандықтан шұғыл алмастыруды қажет етеді. Осы орайда агроқұрылымдағы егіс алқабының көлеміне байланысты нақты егіншілік жүйесін және техникалық құралды пайдаланудың тиімділігін зерттеу қажет. Облыс АӨК-нің техникалық жарақтандырылуы 1000 гектар егіс алқабына  есептегенде трактор 13,3 дана, астық комбайны 2,4 данадан келеді. Бір комбайн маусымда орта есеппен 420 гектар астық жинай алады (дамыған елде 80-120 га.). Жалпы, АӨК-тің ауылшаруашылығы техникасының негізгі түрімен қамтамасыз етілуі қажеттіліктің 40-60% құрайды. Бұл ауылшаруашылығын механикаландыру деңгейінің өте төмендігін көрсетеді. Оларды жаңарту өткір де өзекті мәселенің бірі. Трактор паркінің 72%, тиісінше астық комбайны паркінің 70%, астық орғыштың 68,3%, сепкіштің 88,8%-на жуығының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Өндіріс тиімділігін арттыру үшін облыста жыл сайын 140-150 дана астық комбайны, 22-25 дана астық орғыш және 1200-1300 дана трактор, 250-260 дана сепкіш, тағы басқасын ауыс- тыру қажет. Талдау жоғарыда көрсетілген техникаларға қажеттіліктің өте жоғары екенін анықтады. 

Жалпы, АӨК-ті техникамен қамтамасыз ету жағдайы қуантарлық емес. Себебі, олардың тозуы жаңартудан 4-5 есе көп. Машина саны жылына 8-10%-ға қысқарады. Техниканың жылдық орташа жаңартылуы 0,8-2,5%-дан аспайды (норматив бойынша 8-12%). Бүгінде барлық агроқұрылымға экономикалық жағдай бойынша техника сатып алу мүмкіндігі жоқ. Облыста 10 жыл ішінде МТП жаңартудың орташа үлесі трактор 2811 дана (2,3%), астық  комбайны 389 дана (2,7 %), астық орғыш 66 дана (2,9%), сепкіш  210 дана (0,8%) құрады. Машина паркінің баяу жаңаруының басты себебі – техника бағасының қымбаттығы және қаражат жетіспеушілігі болып отыр. Облыста нарықтық бәсекелестіктің жоқтығынан техниканы лизингке сатып алған тұтынушы сапасыз сервис қызметіне тап болуда. 

Бүгінде белгілі сауда маркасының ауылшаруашылығы техникасын сату, лизинг және қызмет көрсетуі жартылай монополияландырылған. Техниканы жөндеу, қызмет көрсету, қосалқы бөлшек жеткізу мерзімін созу, істен шыққандарын уақытылы жөндемеу, пайдалануға сапасыз материал жеткізу, тағы басқалары жұмыстың жүруіне кері әсерін тигізуде. 


Абдукарим УСМАНОВ, 
Жеңіс УТЕМУРАТОВ,

«Агроинженерия ғылыми-өндірістік
 орталығы» ЖШС қызметкерлері, техника ғылымдарының кандидаттары
Алматы қаласы