ЖҰМЫСТАН СҰРАНБАЙСЫЗ, ПӘТЕРДЕН ШЫҚПАЙСЫЗ

Уақыты: 26.02.2019
Оқылды: 1089
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, уақытты және азаматтардың қаржылық шығынын үнемдейді. Ең басты ерекшелік – электронды мемлекеттік қызметтің бар түріне қолжетімділігі дер едім. Тіпті, қызметті өз пәтерінен шықпай және жұмыстан сұранбай-ақ алуға болады. Ол үшін мемлекеттік қызметтерді алушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

 

ЭЦҚ арқылы электронды түрде  тәулік бойы, аптасына, де­малыс және мереке күндеріне қара­мастан, кез келген уақытта мемлекеттік қызмет көрсетуге өті­ніш беруге болады. Сондай-ақ, интернет желісі арқылы ыңғайлы жерден компьютер, планшет, ұялы телефон сынды кез келген электрондық құрылғыны пайдалана отырып алынатын электронды мемлекеттік қызметке жазбаша растауды күтудің қажеті жоқ. Кезек күтпестен алтын уақытын үнемдей алатын адам сыбайлас жемқорлыққа тап болмайды. Себебі, өтініш беруші қызмет алу үшін тікелей мемлекеттік органдарға өтініш білдірмейді. Одан бөлек, қызметті алудың мерзімі тіркеліп, өтінішті толтыру кезінде қателерге жол берілмейді. Барлық ақпарат сенімді қорғалады және тек мемлекеттік қызметті көрсету үшін пайдаланылады.

Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті атқарушы органдары халықтың барлық тобына электронды мемлекеттік қызмет алудың қолжетімділігін таныстырып, қажетті қызмет алуға қолайлы жағдай жасауға баса көңіл бөлуде. Осыған орай 2017 жылдан бастап қызмет алушылар үшін ауылдық округтер мен Есік қаласы әкімінің аппараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Былтырдан бастап барлық жалпы орта білім беру мекемелерінде, мектепке дейінгі ұйымдарда осындай «электрондық бұрыштар» жұ­мыс істеп келеді.

Аудан тұрғындары мен қонақтарын өзіне-өзі қыз мет көрсету бұрыштары арқылы электронды мемлекеттік қызметтерді алуға шақырамыз.

Раушан ОРДАБАЕВА,
Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы