Өндіріс қарқыны артты

Уақыты: 15.11.2016
Оқылды: 1471
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ежелден аграрлы өлке болып саналатын Алматы облысында Елбасының стратегиясына сәйкес индустриялды-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, халық тұтынатын тауарлар өндіретін кәсіпорындардың қатары көбейіп келеді. Бір ғана Қарасай ауданында 18 ірі өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеуде.  Олардың 16-сы сапа менеджменті және халықаралық ИСО жүйесінің сертификатын алған.

Іргелі ауылдық округін­де орналасқан «Алтын жұл­дыз» тігін фабрикасының өнім шығара бастағанына көп бола қоймаса да, қа­зірдің өзінде тапсырыс беру­шілердің сеніміне ие болып үлгерген. Сонау 2007 жылы Алматы қаласында шаңырақ көтерген шағын цех алдымен ғимараттарды жалға алып, аз мөлшерде өнім шығарып көрген. Жұмыстары жүре бастағанда өндіріс көлемін ұлғайту мәселесі туындаған. Алматы аумағынан өндірісті дамытуға қажетті жер табу күрделі болғандықтан құрылтайшылар қала іргесіндегі Іргелі ауылына ат басын тіреген. 
– Алдымен төрт адамнан бастаған кәсібіміз қанат жая бастағаннан кейін азды қанағат тұтпай, болашақта атқарылар жұмыстарды есепке ала отырып бір гектар жер сатып алдық, – дейді кәсіп- орынның құрылтайшысы Жанат Алтынхадис. – Содан кейін ғимараттың құрылысын қолға алдық. Екі жыл ішінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 2015 жылдың наурыз айында 7500 шаршы метр аумағы бар фабрика пайдалануға берілді. Содан бері тапсырыс бойынша арнайы киім тігумен айналысып келеміз.
Тігін цехтары, қоймалар, өзге де әлеуметтік құрылымдары бар еңселі ғимарат алыстан көзге шалынады. Ішкі жайлылықтарымен қоса кәсіп- орынның сыртқы әсемдігіне көңіл бөлген өндіріс иелері ауланы әрлендіріп, жүк тиейтін көліктердің кіріп-шығар жолына дейін мұқият ойластырып қойыпты. Ал, ғимарат ішінен тазалық пен реттілік аңғарылады.  
Біз келгенде тігін цехында қызу жұмыс жүріп жатты.  Қаз-қатар қойылған 200 тігін машинасының тетігін меңгерген қыз-келіншектер бөгде адамдарға көңіл аудармай, өз жұмыстарымен айналысуда. Киім пішетін үлкен үстел айналасына топтасқан жас қыз­дар тәлімгердің айтқан сөзіне құлақ қойыпты. 
– Біз  Алматыдағы сән және дизайн колледжімен ынтымақтастық орнатқанбыз, – дейді Жанат Алтынхадис. – Олардың 2 және 3-курс студенттері өндірістік тәжірибесін біздің кәсіпорында өтеді. Істеген жұмыстарына қарай жалақысын төлейміз. Әрине, оларды жатақханадан алып келу-апару, түскі астары мекеме есебінен. Себебі, кәсіпорынға жақсы мамандар ауадай қажет. Оқулары аяқталғаннан кейін колледж бітірген жастардың көбі бізде жұмыстарын жалғастырады.
Фабрика әзірге үлкен фирмаларда еңбек ететін адамдар үшін арнайы жұмыс киімдерін тігуді жолға қойған.  «Тапсырыс берушілерден тапшылық көріп отырғанымыз жоқ», – дейді өндіріс иелері. Мысалы, бүгіндері «Ақтөбе CNPC», ақтаулық «MMJ» мұнай кәсіпорнының, «Астана ЭХРО» және «Арабшек» компанияларының қысқы жұмыс киімдерін тігумен айналысып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорын тапсырыс берушінің қалауына қарай қыстық қолғаптар, шұлықтар, басқа да киімдерді дайындап бере алады.
– Өзге де өнімдер шығару жоспарларыңызда бар ма? – деген сауалды көлденең тартқанбыз. – Мысалы, түрлі азаматтық костюмдер, сәнді көйлектер, қыстық пальтолар  тіге аласыз­дар ма?
– Әрине, аталған бағыттағы өнімдер шығару болашақ жоспарымызда бар. Алайда, ол үшін өте тәжірибелі мамандар қажет. Тұтынушыларға ұнайтын тауар шығару үшін ең алдымен оның сапасы жақсы болуы керек емес пе? Ал біз жаңадан құрылған кәсіпорын болғандықтан тігіншілеріміздің шеберлігі әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Жалпы, маман тапшылығы сезілуде. Мысалы, біздің цехтарымызда 200-ге жуық тігін құрылғысы қойылғанымен қазір өндірісте 75 адам еңбек етіп жатыр. Алматыдан келіп істегісі келетіндердің қатары көп емес. Сондықтан Кемертоған ауылында үйлерінде бос отырған қыз-келіншектерді жұмысқа шақырып, оларды үйретумен біздің тәжірибелі шеберлер айналысып келеді. Тек үйренгендері үшін ғана айына 20 мың теңге төлейміз.  Осылайша, өзімізде тұрақты еңбек ететін тігіншілер қатарын көбейтіп, шеберлігін қажетті деңгейге көтеріп алсақ, бұдан да күрделі өнімдер шығаруды жолға қою жоспарымызда бар.
«Алтын жұлдыз» тігін фабрикасы болашаққа бағдарланған кәсіпорын екенін оның ішін аралаған кезде аңғарғанбыз. Мұнда бүгіндері жұмыс істеп тұрған цехтармен қатар баскиім, аяқкиім тігетін қондырғылар орнатуға арналған үлкен бөлмелер сақадай сай тұр. Сонымен қатар, болашақта ұлттық салт-дәстүрді дамытуға үлес қосатын  шеберхана ашу көзделуде. Үзіліс кезінде демалатын орын, ауысым аяқталғанда жуынатын бөлме де талаптарға сай жабдықталған. Осындай жаңадан ашылып, қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіпорындардың арқасында елімізде кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіп өркен жайып, әсіресе әйелдер қауымы еңбекпен қамтылмақ.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.