"САПА МЕН СӘУЛЕТ САЙ БОЛУЫ КЕРЕК": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ БАССЕЙН ҚҰРЫЛЫСЫН КӨРДІ

Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 955
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Тотыдай түрленген Талдықорған қаласында елімізде теңдесі жоқ олимпиадалық жабық жүзу бассейні салынуда. Байрақты бәсекелер өтіп, ұлт абыройын асқақтататын спортшыларымыздың жеңісін әсем сарайдан көру үшін сапа мен сәулет сай болу керек. Осыған орай саннан гөрі сапаны басты назарда ұстайтын Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ аталмыш нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Әлемдік додалар өткізілетін үш қабатты спорт нысанында жұмыс қыза түскен. Жұмысшылар да өздеріне берілген міндетті мінсіз атқаруда. 475 адам тартылған құрылыс жұмысы қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.

Мамандардың айтуынша, амфитеатр формасында тұрғызылатын нысан жұмысының 80 пайызы аяқталған. Ендігі мақсат – құрылғыларды орнату. Облыс әкімі әмбебап бассейн ғимаратының ішін аралап, мамандармен тілдесіп, жұмыс жағдайын сұрады. Сонымен қатар, аймақ басшысы мамандармен ғимараттың іші-сыртының дизайны қалай болатынын, қандай түске боялатынын, тіпті қандай материал қолдану керектігін де ақылдасты. Құрылыстағы кем-кетіктерге баса назар аударып, түзетуді талап етіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жоспарға сай аяқтауды тапсырды.

– Жабық жүзу бассейнінде су спортының барлық түрі болады. Бұйырса, өңірімізде Азия, әлем біріншілігін өткіземіз. Су спортымен айналысқан болашақ жастарымыздың жеңісін көреміз. Ол үшін барлығы әлемдік стандартқа сай болуы керек. Ең алдымен, су тазалығын басты назарда ұстауымыз қажет. Құрылыстың сапасы мен сәулетіне сай және уақытылы аяқталуы басты назарда. Бірақ ғимараттың ауласындағы жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған. Яғни, жұмыс дұрыс қадағаланбаған. Қаланың көркі болып тұратын нысанның іші ғана емес, сырты да жайнап, жайқалып тұруы қажет, – деген аймақ басшысы ғимараттың айналасын абаттандыру мен көгалдандыруға дейін көңіл бөлу керектігін айтты. Сонымен қатар, ғимараттың айналасындағы құрылыс жұмыстарын 20 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, жұртшылық ғимараттың сыртынан қарап-ақ қызығатындай әсемделіп, әр елдің Мемлекеттік Туларын орнату керектігін ескертті.

Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы орынбасары Лаззат Тұрлашовқа, Талдықорған қаласы әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа құрылыс жұмысын жиі келіп қадағалауды тапсырды. Әр апта сайын атқарылып жатқан шаруаларды баяндап тұру керектігін жеткізді. Мамандарға да арнайы тапсырма жүктеп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге лайықталған кешенді сапалы әрі әдемі етіп салу қажет екенін еске салды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы