КӨШПЕЛІ БРИФИНГ: ЖАРКЕНТТІК ШАРУАЛАР БИЫЛ 26 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖҮГЕРІ ЕККЕН

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 1221
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент өңірінің даңқы кезінде жүгері өсірумен шыққан еді. Қазір де аудан диқандары дәстүрлі дақылды көптеп өсіреді. Биылдың өзінде аудан бойынша 26 059 гектар жерге дала аруы егілген. Бұл туралы "Жетісу медиа" хабарлады.

Қазіргі уақытта жүгерінің 24 196 гектар алқабы жиналып алынған. Күтімі келіссе, жүгерінің өнімі жоғары болады. Аграршылар өткен күзде жүгері егілген әр гектардан орташа есеппен 64,1 центнрден алып отыр. Ал әзірге жиналған өнім - 155 133 тонна. Ала жаздайғы өсірілген алтындай өнімдер бүгінгі күні зауыттарға жөнелтіліп сатылымға жіберілді. Аудандағы Жаркент крахмал-сірне зауытына 65 000 тонна, Шамалған крахмал-сірне зауытына 10 000 тонна, жеке қожалықтар мен базарларға 2 950 тонна саудаланды.

Жауапты науқандағы шаруалар жұмысын көшпелі брифингте аудан әкімі өңірдегі БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

- Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану өнімді еселеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта әкімдік тарапынан қажетті қолдау жасалып жатыр. Жиын-терін және күзгі дала дала жұмыстарына ауданымызда шаруаларға  арзандатылған кепілді 380 тонна дизель отыны бөлінген болатын. Оның ішінде, шілде айына 80 тонна, тамыз, қыркүйек, қазан айларына да 100-100 тоннадан берілді. Аудан бойынша бүгінгі күнге алынғаны 360 тонна, - дейді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

Бүгінгі күні алқаптағы жұмыс қызу. Жүгері жинау науқаны бойынша 90 комбайн жұмылдырылған. 52 КамАЗ тасымалдау жұмысында. Осындай жағдайдың арқасында дала аруының биылғы өнімділігі артты. Ауданда 2019 жылы 26 005 га жерге егілсе, биыл 26059 гектарды құрап отыр. Былтырғымен салыстырғанда 866 тонна артық жүгері дәнін жинау жоспарланған.

Шаруалар өнім жинауды қыркүйектің ортасында бастаған. Айтуларынша, науқан айдың аяғында толық аяқталады. Панфиловтан бөлек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле аудандары қазіргі күні жүгеріні аудандағы зауытқа өткізіп жатыр. Күніне 70-78 тонна қабылдануда.

Жалпы, соңғы 9 айда жазиралы өңірдегі ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 31 млрд.теңгеге жетіп отыр. Қысқы мерзімге 183,4 мың тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Басқа да агроөнімдер бойынша жұмыс қызу жүруде.

Түйіндей айтқанда, жазиралы Жаркент жеріндегі биылғы жиын-терін де өз деңгейінде болады деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы