Апта ішінде Ақорда мен Үкіметте болған кадрлық тағайындаулар

Уақыты: 10.09.2023
Оқылды: 920
Бөлім: САЯСАТ

Өтіп бара жатқан аптада маңызды кадрлық ауыс-түйіс аз болмады. Атап айтқанда, жаңадан құрылған және қайта жасақталған министрліктерге басшылар тағайындалып, жұмысына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен, апта басында Президент Парламент Сенатының қарауына Ұлттық банк төрағасы лауазымына Тимур Мұратұлы Сүлейменовтің кандидатурасын ұсынды. Тиісінше депутаттар қолдап, оны аталған лауазымға лайықты деп таныды. Артынша Мемлекет басшысының Жарлығымен Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысынң әкімі болған Айдарбек Сапаров Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Айдарбек Сейпілұлы 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауылшаруашылығы институтын (1992), Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2006) зооинженер мамандығы, мемлекеттік басқару бакалавры бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысында совхоз бухгалтері болып бастаған.

Ол былтыр 1 желтоқсаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған еді.

Ал осы уақытқа дейін Ауыл шаруашылығы министрі болған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

Ербол Шырақпайұлы 1976 жылы 26 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заман гуманитарлық институтын бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Статистика агенттігінің Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған.

2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келді.

Бұл уақытқа дейін Жамбыл облысының әкімі лауазымын атқарған Нұржан Нұржігітов болса жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды.

Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы туған. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.

2022 жылдың 7 сәуірінен бастап Жамбыл облысының әкімі болған еді.

Мұнымен қатар, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығымен Қанат Шарлапаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды.

Қанат Бисимбайұлы 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген, Қазақстан Республикасының азаматы. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастаған.

Ол 2022 жылдың 2 ақпанынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы болып еңбек етті.

Ал Ерлан Нысанбаев болса Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.

Ерлан Нысанбаев 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы бастаған.

Түрлі жылдары коммерциялық сектор мен мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді. 2014-2019 жылдары – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2019 – 2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

Сондай-ақ өтіп бара жатқан апта ішінді Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ғабит Әбдімәжитұлы 1980 жылы 8 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

2023 жылдың ақпан айынан бастап Үкімет Аппараты басшысының бірінші орынбасары болып қызмет еткен.

Ал осы уақытқа дейін Ішкі істер министрі болған Марат Ахметжанов Президент Жарлығымен Ақмола облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Марат Мұратұлы 1964 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген. 1991 жылы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. Еңбек жолын 1991 жылы тағылымгер қызметінен бастап, кейін Теміртау қаласы прокуратурасының тергеушісі болып еңбек еткен.

Ол 2022 жылдың 25 ақпанынан бастап Ішкі істер министрі лауазымын атқарды.

Мемлекет басшысының тиісті Жарлығымен Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Асхат Берлешұлы жоғары білімді. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын аяқтаған.

Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

2022 жылдың қарашасынан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Бұған қоса өтіп бара жатқан аптада Мемлекет басшысының өкімімен Қанат Бозымбаев ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Қанат Алдабергенұлы 1969 жылы 8 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

2021-2022 жылдар аралығында Алматы облысының әкімі қызметін атқарды.

Сол сияқты Президент өкімімен Айжан Шайназарова ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Айжан Болатқызы 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Санкт-Петербург мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебін бітірген, Дьюк университетінде тағылымдамадан өткен. Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі институтының Алматы филиалында аға лаборант қызметінен бастады.

Ол 2021 жылдың 26 мамырында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалған.

Ал Нұрмұхамед Байғараев болса Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.

Нұрмұхамед Исманұлы «Болашақ» бағдарламасы арқылы 2017 жылы Ұлыбританияның Ланкастер университетінде білім алған (MSc of Project Management).

Бірқатар баспасөз басылымдары мен электронды БАҚ-та жұмыс істеген, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» басылымында бас редактордың орынбасары қызметін атқарды.

Биыл ақпан айынан бері ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Ғалымжан Алмасбекұлы 1978 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясын, 2008 жылы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2011 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе қалалық емханасында дәрігер қызметінен бастап, бас дәрігердің орынбасары лауазымына дейін атқарған.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап Парламент Мәжілісінің 7, 8-шақырылымдарындағы депутаты.

Сонымен бірге Қостанай облысындағы үш ауданға жаңа әкім тағайындалды. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттардың келісімімен Қостанай облысы Науырзым ауданының әкімі болып Мәди Ихтиляпов, Қостанай ауданының әкімі болып Берік Таңжарықов және Әулиекөл ауданының басшысы болып Жансұлтан Тәукенов тағайындалды.

Жетісу облысында қос бірдей басқармаға жаңа басшы келді. Нақтырақ тоқталсақ, Ермек Мизамбаев Жетісу облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарса, Бақытнұр Бақытұлы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жетекшілік етеді.

Мұнымен қоса Атырау облысы әкімінің өкімімен цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының лауазымына Алмас Көпжанов тағайындалды. Ол еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған.

2019-2022 жылдар аралығында Атырау облысы әкімінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, 2022 жылғы тамыздан осы тағайындалғанға дейін Атырау облысы әкімінің аппараты жобалық басқару қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.

Ал Алматы облысы әкімінің өкімімен Ерболат Сарабеков облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының лауазымына тағайындалды.

Ерболат Сарабеков 1985 жылы туған. 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «басқару мен ақпаратты өңдеудің компьютерлік жүйелері», 2013 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Есік қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастады.

2023 жылдың 20 ақпанынан бастап Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының олимпиадалық спорт түрлері және спорттық резервтер бөлімінің басшысы болды.

Өтіп бара жатқан апта ішінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды.

Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған.

2022 жылдың 24 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды.

Апта соңында Ішкі істер министрінің бұйрығымен Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы болып Марат Жұмалиев тағайындалды.

42 жастағы Марат Жұмалиев Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда туған. Ішкі істер органдарында 2005 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын Петропавл қалалық полиция басқармасында тергеуші болып бастаған.

Осыған дейін СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы лауазымында еңбек еткен.

Фото: көрнекілікке алынды