АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ БОЙЫНША 19 БАСШЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 25.08.2021
Оқылды: 1303
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев ағымдағы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жандос Жұмабаевтың айтуынша, жыл басынан бері жедел-тергеу бағыты бойынша 84 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 66-ы жемқорлық фактісі бойынша орын алған. Ауыр құраммен 56 қылмыс, аса ауыр құрам бойынша 5 қылмыс тіркелген. Жалпы, осы уақыт ішінде тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 78,3 пайыз көрсеткішті құрап отыр.

Есептік кезеңде қылмыстық жауапкершілікке барлығы 147 тұлға тартылған. Алматы облысында жыл басынан бері қылмыстық жауапкершілікке тартылған 19 басшының құрамында облыстық маңызы бар 6 басшы, аудандық деңгейдегі 7 басшы, қалалық деңгейдегі 5 басшы және 1 ауылдық деңгейдегі басшы бар. Сонымен қатар, есептік кезеңде "жүйелі" сыбайлас жемқорлықтың 8 фактісі анықталды. Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 22 адам әшкереленді. Жалпы, саны 31 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыстық іс сотқа жолдаумен аяқталды, 1 адам сотталды.

Жыл басынан бері барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 812,5 млн.теңгені құрады. Бүгінгі күні 792,1 млн.теңге өтелді, яғни, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың өтелуі 97,5 пайыз көрсеткішті құрайды.

Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен Алматы облысының үш тұрғыны 612 570 теңгеге көтермеленді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"