Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ - МІНДЕТ: ПРЕЗИДЕНТТІК КАДР РЕЗЕРВІНДЕГІ ЖАҢА ТАЛАП

Уақыты: 28.08.2021
Оқылды: 1809
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жастарды кадр резервіне іріктеу жұмысы жалғасып, биыл 50 маман арнайы тексеруден өтеді. Бұл туралы арнайы брифингте хабарлаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова жаңа шарттарды түсіндіріп өтті.

Департамент басшысының айтуынша, 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне алынған 300 жас маманның 184-і ғана жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдарға 92, жергілікті басқарушы органдарға 39 адам қабылданса, 33 адам ұлттық компаниялардағы қызметкерлердің қатарын толықтырған.

Ал 20 жас маман жекелеген ұйымдарға алынған. Солардың қатарындағы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім жетекшісі болған Сәкен Түкібаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторлығына лайық деп танылса, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарған Бахтияр Көшкіновке Ақмола облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасарлығы жүктелді. Орта жасы 31 жасты құраған резервке қабылданушылардың қалған бөлігін жұмыспен қамту ісі жалғасуда.

Биылғы резервке іріктеу алдағы қыркүйек айының 1-нен бастап жүреді. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі кем дегенде 5 жылды құрайтын Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

– Ең үлкен жаңалық ретінде үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі анықталатынын айтар едім. Ұлттық стандарттарға сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру орта деңгейден төмен болмауы тиіс, – деген Ләззат Мұқатайқызы биылғы іріктеудің шарттарын түсіндіріп өтті. – Турасын айтқанда резервке қабылданатын маман тірек сөздерді қолдана отырып, мәтін құрастыруы, өз пікірін қарапайым сөздермен жеткізуі қажет. Яғни, әдеби тілді меңгерген жанның жұлдызы жанады. 2019 жылғы іріктеуге мұндай талап қойылмаған болатын. Биылғы іріктеуден өтетін 50 кандидат квазимемлекеттік немесе жекеменшік секторға емес, нақты мемлекеттік басқару секторына ғана алынатын болғандықтан осындай шарттардан өтуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік аппараттағы құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазтест» орталығының мамандары анықтайды. Бұл сынақтан өту ақылы, бар-жоғы 5 мың теңге. Бірақ үміткерлерге тесттен өтуге шектеу жоқ. Қалаған адам күніне бір рет тесттен өтіп, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтауына болады.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, енді алынатын резерв мерзімі - 3 жыл. Одан кейін алты кезең бойынша өздерінің қарым-қабілетін, білім-білігі мен шешендігін дәлелдейтін жас мамандардың ең үздігі ғана іріктеледі. Қажетті мәліметтерді www.pkrezerv.gov.kz сайтынан алуға болады

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы