Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік сатып алуды жүргізетін тобы камералдық бақылау жасады. Негізгі мақсаты – ереже бұзудың жолын кесу және оған жол бермеу. Бақылау нәтижелері бойынша анықталғандар мемлекеттік аудит объектісіне беріледі және бұл мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені төмендетеді.
Биылғы 8 айда облыстың бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жүргізген есеп бойынша 336,4 миллиард теңгеден астам сомаға 11 769 мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы 51,1 миллиард теңгеден астам сомаға ұйымдастырылған камералдық бақылау нәтижесінде анықталған заң бұзуды жою туралы 2160 хабарлама жолданып, сол арқылы 3 мыңнан астам лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Сатып алуға қатысушыларға шектен тыс талаптар қою, қатысушыларды заңсыз қатыстырмау, келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мүмкін емес мерзімдерін белгілеу, сондай-ақ, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді лоттарға бөлмеу сынды хабарламалар жиі келеді. Әсіресе, заң бұзу – құрылыс, білім беру және жолдарды жөндеу салаларында көп кездеседі.
Сонымен қатар, уәкілетті орган заң бұзуды жою туралы хабарламаларды орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарап, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-бөлігінде көзделген жалпы сомасы 1086,8 мың теңгеге 30 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың тиісті түрде орындалмауына байланысты 2 мемлекеттік мекеме бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру шаралары қабылданды («Қаратал ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі – 4 хабарлама, «Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны – 13 хабарлама).
Бүгінгі күні барлық хабарлама орындалған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр.
"Жетісу-Ақпарат"