КОРОНАВИРУС: ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН ДӘРІГЕР ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

Уақыты: 31.01.2020
Оқылды: 1449
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері "Уатсап" желісі арқылы коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан жоғары білімді дәрігерді ұстады.

"Қазақпарат" жариялағандай, әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында медицина қызметкерінің жалған ақпаратты тарату фактісі анықталды. Аталған факт ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

- Тексеру іс-шараларын өткізудің алғашқы сағатында ер адамның жеке басы бейнежазбадан анықталды. Ол 1980 жылы туған, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы орталық ауруханада дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейді. Қазір ұсталды. Ол жалған ақпарат таратқанын мойындады, өкінетінін айтты. Қазір Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы тергеу іс-шаралар кешенін жүргізуде, нәтижесінде қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Алматы облысының бас полицейі жалған мәлімет таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік барын еске салды. «Көптеген жағдайда кейбір азаматтар жалған мәліметтерді таратуға тыйым салынғанын білмегенін алға тартады. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Осыған байланысты жұртшылықты негізсіз үрей мен дүрлікпеу үшін мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын басшылыққа алуға шақырамыз. Күмәнді ақпараттарды таратпаңыздар, - деп түйіндеді генерал-майор.

- Мен Айтжанов Думан, акушер-гинеколог, әлеуметтік желі арқылы таратқан бейнеүндеуімнің жалған екенін айтқым келеді. "Уатсаптағы" достарымның тобына әзілдеп, қорқып жүрсін деп, ескерту ретінде салған едім. Мен осы ісім үшін өкінемін. Қателігімді мойындаймын. Мен Алматы қаласында 70 шақты адам коронавирус жұқтырды деген алып-қашпа өтірік сөзді әртүрлі адамдардан құлағым шалып қалған еді. Халқымның, Республикамның алдында кешірім сұраймын. Мен сіздерге осындай қателікті жасамаңдар деймін, - дейді жалған ақпарат үшін тұтқындалған дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабының 2-бөлігіне сәйкес, БАҚ және ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Тұтқындалған дәрігер әлеуметтік желіде таратқан бейнематериалында өзін елордалықпын деп таныстырып, коронавирустың Алматыда 70-ге жуық адамға жұққанын айтқан еді. Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш ақпараттың жалған екендігін ресми мәлімдеп, ондай адамдарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабына сәйкес жауапқа тартылатынын жеткізген болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"