"КОНКУРС БІРІКТІРІЛДІ": МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ ТАЛАПТАРЫ ӨЗГЕРДІ

Уақыты: 22.08.2020
Оқылды: 1217
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттік қызмет саласына бүгінде қоғам тарапынан үлкен сенім артылып отыр. Сенім үдесінен шығу – заман талабы. Ел болып еншімізді алған мезеттен бері мінсіз мемлекеттік басқару құрылымын қалыптастыру және кемшіліксіз қызмет көрсету үрдісін дамыту мақсатында біршама маңызды жобалар қолға алынып, түрлі реформалар қабылданды. Оның бәрі мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып, ашықтықты қамтамасыз етудің айқын көрінісі.

Бір айта кетерлігі, жыл өткен сайын заң талаптары жетілдіріліп, түрлі өзгерістер мен толықтыруларға орын берілуде. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына жақында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік қызмет секторындағы істің ілгерілеуіне үлкен серпіліс береді. Енгізілген өзгерістер бойынша «А» корпусының кадр резервіне іріктеу сатысы алынып тасталды. Ендігі ретте үміткерлерді тиісті орынға тағайындау және босату ісін құзыретті лауазымды тұлға уәкілетті комиссияның келісімі бойынша конкурс өткізбей-ақ жүзеге асыра алады.

Мемлекеттік саяси лауазымға орналасуға лайықты кандидаттар анықталған жағдайда лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына бірқатар шарттар дайындалды. Атап айтсақ, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері немесе кеңесшілері, баспасөз хатшылары бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурссыз алынады. Мұны үлкен жеңілдік деп қабылдау керек.

Тағы бір айта кететіні, мемлекеттік органның ішінде ауыстыру тәртібімен аталған лауазымдарға орналасқан адамдарды кейіннен ауыстыруға жол берілмейді. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз ие болған адамдар тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда, мемлекеттік лауазымға орналасқаннан кейін бір жыл өткен соң ішкі конкурсқа қатысуға жіберіледі. Сонымен қатар, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінен төменгі саналмайтын «Б» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс өткізу келісімі алынып тасталды. Одан бөлек, үш сатылы конкурстық іріктеу екі кезеңге ауыстырылып, жеңілдіктің жолдары қарастырылып отыр.

Яғни, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасындағы ішкі конкурс пен жалпы конкурс біріктірілді. Бұл конкурстық рәсімдердің уақытын қысқартуға және бос орындарды толтыру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ал мемлекеттік әкімшілік лауазыммен көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі (арнайы тексеруге дейін) мемлекеттік қызмет өтіліне енгізілетін болды.

Бұдан басқа, заң жобасында көзделген нормалардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа, құқықбұзушылыққа немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берген тұлғаның басқа жұмысқа ауысуына тыйым салынатынын айтуға болады. Қолданыстағы Заңда көзделген мұндай шектеулер әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамның өз еркімен жұмыстан босап кетуі мен  жауапкершіліктен жалтаруының жолын кесуге мүмкіндік береді.

Қолданысқа енгізілген конкурс өткізу туралы ережеге сәйкес конкурсқа қатысушылардың біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру персоналды басқару қызметіне берілді. Бұған дейін кандидат құжаттарының сәйкестігін мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы қарастыратын. Соған байланысты мемлекеттік органдарда конкурстық комиссияның құрамы төрағаны қоса алғанда үш мүшеден кем болмауы керек, яғни конкурстық комиссия мүшелерінің саны бесеуден үшке азайтылды. Бұрын конкурстық комиссия мүшелерінің саны төрағаны қоса алғанда бес мүшеден кем болмайтын. Жаңа шарт бойынша аудан әкімінің орынбасары, облыстық басқарма басшыларының орынбасары лауазымдарына конкурс облыс әкімінің бірыңғай конкурстық комиссиясымен өткізіледі. Оның құрамына тиісті аудан, қала әкімі аппараттарының өкілі қатыстырылады.

Бұған дейін аудан, қала әкімдерінің орынбасары лауазымына конкурс аудан, қалаларда өткізелетін. Жаңа ережеде мемлекеттік органдардағы конкурстық комиссия хатшылығына мемлекеттік қызметшілердің ішінен тағайындалатыны анық жазылған. Бұған дейін кейбір мемлекеттік органдарда комиссия хатшысы ретінде келісімшартпен жұмыс жасайтын қызметкерлер тағайындалып келген.

Осыған дейін әрбір жарияланған бос лауазымға бейінді, стратегиялық және ҚР бағдарламалық құжаттары бойынша, ситуациялық, уәждемелік сұрақтар, сонымен қатар, барлық деңгейдегі басшылық лауазымдарға эссе тақырыптарының тізімі дайындалатын. Енді конкурстық комиссия әрбір жарияланған бос лауазым үшін он бағыттан аспайтын конкурстық сұрақтарды (ситуациялық және уәждемелік қоса), сондай-ақ, А-1, В-1, С-1, С-О-1, С-R-1, D-1, D-O-1, E-1, E-R-1 лауазымдарына эссе тақырыптарын бекітеді.

Ескі редакцияда конкурстық комиссия отырысына байқаушы болып барлық деңгейдегі депутаттар, БАҚ, басқа мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер (үкіметтік емес ұйымдар), коммерциялық ұйымдар және саяси партиялар өкілдері, уәкілетті орган қызметкерлері қатысатын. Енгізілген өзгеріс бойынша мемлекеттік органдардың конкурстық комиссиясының отырысына Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған әрбір азаматы байқаушы болып қатыса алады. Оның ішіне уәкілетті органның қызметкерлері кіреді.

Конкурстық комиссия отырысына байқаушы ретінде қатысу үшін кадр қызметі әңгімелесуге 2 сағат қалғанға дейін хабарлайды. Хабарлау телефон арқылы немесе хабарландыруда көрсетілген электронды пошта арқылы жүзеге асырылады. Бұрын 1 жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарланатын.

Кандидатпен әңгімелесу қажет болған жағдайда бейнебайланыс арқылы қашықтықтан өткізілуі мүмкін. Ережеге сәйкес қазір жалпы конкурс бойынша мемлекеттік қызметке алғаш және қайта келушілерге тек үш құжат қана ұсыну керек: өтініш, қызметтік тізім, білімі туралы диплом көшірмесі. Ал қызметтегі мемлекеттік қызметшілер жалпы конкурсқа тек өтініш пен қызметтік тізімді тапсырады, тестілеуден өтпейді. Кадр қызметі «Е-қызмет» жүйесі арқылы кандидаттың тестілеуден өткені туралы мәліметті тексере алады.

Жаңа Заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылуда. Мысалы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген ауылдық округтердің бас және жетекші мамандары көтерме жәрдемақы алуға (2020 жылы 100 АЕК – 277 800 теңге), сондай-ақ ауылдық елді мекенде 15 жыл мерзімге тұрғын үй сатып алу үшін 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен (2020 жылы 1500 АЕК- 4 167 теңге) бюджеттік несие алуға жеңілдіктер беріледі. Яғни, мемлекеттік қызметке енгізілген өзгерістер ең алдымен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға негізделгені белгілі. Осы бағыттағы іс-шаралар мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін және тиімділігін айқындай түседі.

Ләззат БЕЙСЕҚҰЛОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы