ЖАЙЫЛЫМНАН БІР ҮЙІР ЖЫЛҚЫ АЙДАП ӘКЕТКЕН ҰРЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 25.08.2020
Оқылды: 2015
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары мал ұрысын қылмыс үстінде ұстап, қолды қылған бес жылқыны иесіне қайтарды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Кербұлақ ауданының полицейлері арнайы шара барысында өзгенің жылқыларын ұрлап бара жатқан қылмыскерді қолға түсірді. Қылмыс үстінде ұсталған күдіктінің алдындағы мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.

- 51 жастағы күдікті қылмыс үстінде ұсталып, айдап бара жатқан 5 жылқысы тәркіленді. Жайылымда жүрген үйір жылқыны түнде қолды қылған ол мал иесіне 2 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені анықталды. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де бірнеше рет сотты болғаны белгілі болды. Күдікті сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - деді Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіп қылған барымташының аймақтағы осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеріп, басқа аудандарда да мал ұрлағанын әшкереледі.

- Бұлтартпас айғақтар арқасында күдікті тұлғаның жыл басында Көксу ауданында үш жылқының қолды болуына қатысы бар екені дәлелденді. Ол қылмыстық топ құрамында үш жылқы ұрлағанын мойындады. Оның басқа да мал ұрлықтарына қатыстылығы тексерілуде, - деп атап өтті полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан